Қазақстанда жемқорлық қылмыс
жасаған лауазым иелері мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан біржолата
айырылмақ. Сондай-ақ, елімізде жемқорларға шартты жаза қолдануға тыйым
салынады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың осы және өзге де мәселелері бүгін
«Қазақстан 2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы жиынында
талқыланды. Басқосуда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2025 жылға
дейінгі Ұлттық Стратегиясы алғаш рет таныстырылды. Толығырақ Жұрағат Баман
тарқатады.
Қоғамның дамуына тежеу болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі
бүгінде биліктің басты назарында, сонымен қатар бұл іске саяси ұйымдар да
бей-жай қарап отырған жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Үкімет
жемқорлыққа қарсы жаңа ұлттық Стратегия әзірлесе, «Нұр Отан» партиясы
жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың он жылға арналған бағдарламасының жобасын қалың
бұқараның талқылауына ұсынды. «Атқарылып жатқан істер бұдан былай да нәтижелі
болуы үшін жаңаша көзқарас пен әдіс-тәсілдерге көшуге тиіспіз. Азаматтарымыз
өзіне керек құжатты парасыз ала алатынына, емтиханды тек білімімен
тапсыратынына, басқа да жұмыстарын сыбайластыққа бармай тындыратынына сөзсіз
сенімді болса, оның мемлекеттің атқарып отырған істеріне деген сенімі нығаяды.
Сол кезде ғана жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы ауқымды шараларымызға тұтас
қоғам қолдау көрсетеді» дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші
орынбасары Бауыржан Байбек.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан»
партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Әлемнің ең дамыған 30 елінің
өзгелерден басты айырмашылығы - күнделікті қарым-қатынастардан туындайтын «тұрмыстық
жемқорлықты» жойып, халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыра
алғандығында. Елбасымыздың Қазақстанды барынша дамыған 30 елдің қатарына қосу
жөніндегі сөзінің мағынасы да осында. Яғни, мемлекет азаматына кедергісіз орта
ұсынған, ал, азаматы заңды құрметтейтін, билікке сенетін, өмір сапасы жоғары
қоғам құру.
Жемқорлықтың алдын-алу жолында
бүгінде мемлекет тарапынан кешенді шаралар атқарылуда. Мәселен сот жүйесі,
құқықтық тәртіп сақтау органдары, кеден қызмет салаларында бірқатар заңдарға
өзгертулер енгізілді. Әсіресе, үкімет бизнесті жүргізу жағдайын жақсартуға,
мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру
саласында жүйелі шаралар қабылданды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің
бірінші орынбасары:
Кәсіпкерлік қызметі мемлекеттік
реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Онда реттеушілік ықпалды
жария етіп талдау енгізілген. Рұқсат беру жүйесін түбегейлі жеңілдету рұқсаттар
мен хабарламалар туралы заң қабылданды. Бизнес жүргізу үшін рұқсаттардың
бірыңғай тізбесі бекітілді. Енді кез-келген рұқсат осы заңға өзгерістер енгізу
арқылы ғана пайда бола алады.
Коалиция отырысында еліміздің
мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
төрағасы Қайрат Қожамжаров та біраз ұсыныстар айтты. Агенттіктің нақты жұмыс
жоспарлары мен атқаратын қызметінің бағыт-бағдарына шолу жасады. Сондай-ақ,
әлемдік тәжірибелер ескеріле отырып әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2025
жылға дейінгі Стратегияны таныстырды.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
Мемлекеттік қызметкерлердің, жалпы алғанда бүкіл халықтың жемқорлыққа қарсы
мәдениетін қалыптастыру да назардан тыс қалмайды. Стратегияны іске асыру
бойынша шара жоспары 6 бөлімнен тұрады. Құжатта көрсетілген мәселер 25 саланы
қамтиды. Бұл құжат жемқорлыққа қарсы тұрудың институттары мен тетіктерін құруға
мүмкіндік береді.
Отырыс барысында коалиция
өкілдері, партиялардың басшылары, сарапшылар «Нұр Отанның» сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2025 жылдарға арналған бағдарлама жобасына да
қатысты пікірлерін білдірді. Партия өкілдерінің мәліметінше, жоба бүгінге дейін 6
мыңнан астам алаңда талқыланып, оған 800 мыңнан астам адам қатысқан. Барлығы
800-ден астам ұсыныс пен толықтырулар түскен. Отырыс қорытындысында коалиция
атынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы үндеу қабылданды.
Жұрағат БАМАН