$533.61 €621.07 ₽6.78
×

«Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешені Қарағандыдағы «Бесобаның» тағдырын қайталамайды

AstanaTV
12.09.2014ж. 20:00
1447
«Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешені Қарағандыдағы «Бесобаның» тағдырын қайталамайды

"Нұр Ақтөбе" тұрғын үй кешені Қарағандыдағы «Бесобаның» тағдырын қайталамайды. Ақтөбе облысының әкімі  Архимед Мұхамбетов Орталық коммуникациялар  қызметінде өткен брифинг барысында тілшілерді осыған сендірді.

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:

Бұл мәселеге біз талай жауап бердік, ешқандай "Бесобаның" тағдырын қайталамайды. Барлық сараптамадан өтті. Соның ішінде жер астындағы құмның сапасы, жердің сапасы, геологиялық жұмыстар - соның барлығына оң сараптама берілді. Қазір 4 жыл өтті, үйлер салып жатыр, ешқандай қауіп жоқ. Елбасы уақытында дұрыс сын айтты. Ол сәулеті бойынша, өйткені құны бүгінде бір шаршы метріне 90 мың теңге. Бүгінгі девальвациядан кейін 500 доллардан төмен, сондықтан біз бірдей үйлер салдық. Соны сын ретінде айтты.

Еске салсақ, Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңадан салынған «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешені жаздың алғашқы жаңбырына шыдас бере алмаған еді. Жоғары қабаттан аққан су төртінші қабатқа дейін өтіп, қабырғалар айғыз-айғыз болды. Тұрғындардың дүние-мүлкі су астында қалды. Жертөлелер суға лық толып, нөсер жауын сапасыз төселген асфальтты да опырып жіберген. Жергілікті геолог Владимир Юриштің: "Тұрғын үй кешені салынып жатқан жердің астында калий тұздарының қоры бар. Ол жерде құрылыс жүргізуге мүлдем болмайды. Үйлер жер астына опырылып кетуі мүмкін", - деп дабыл қаққанына біраз уақыт болды. Алайда әкім геологтың алаңдаушылығы бекер деп санайды.

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:

Барлық геологтар емес, бір геолог айтып жатыр, фамилиясы Юриш 90-нан асқан азамат. Ол 7 жыл бұрын Әбілхайыр хан даңғылы орталықтағы жер астына кетеді деген, қазір ешқандай қиындық жоқ. 

Сөйтіп батыс өңірден келген басшы дәстүрлі облыс әкімдері есебінің көшін бастады. Тілшілердің де сұрағы қордаланып қалған екен. Шенеуніктің баяндамасы бітпей жатып, ұзын сонар кезекке тізілді. Өңір басшысы  негізінен облыстың жетістіктерін түгендеп шықты. Бірақ баспасөз мәслихатына арнайы Ақтөбеден ат арытып келген әкімнің уақыты шектеулі болып, сұрақ қоймақ болған тілшілердің көбіне кезек жетпей қалды.


Айгүл ӘДЕПБАЙ