Елімізде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына
арналған патриоттық шара өтуде. Қан майданда
шайқасқан 28 қаһарман-панфиловшылардың ерлігін дәріптеу үшін Қазақстан, Ресей
және Қырғызстан қалаларынан жүріп өтетін автошеру ұйымдастырылуда.
Аталған шара
интернационал-жауынгерлердің бастамасымен, ҚР Қорғаныс министрлігі және «Нұр
Отан» партиясының қолдауымен «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде өтіп
отыр. Алматыдан бастау алған автожарыс
Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы аумағынан жүріп өтеді.
Қатысушылар жолда Бішкек, Астана, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Орынбор, Самара және
Мәскеу қалаларында тоқтайды. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлері
шетелде тұрып жатқан отандастарымызбен кездесулер өткізеді, оқу мекемелерінде
болып, патриоттық шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, мұражайларды аралап, екінші
дүниежүзілік соғыста қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің ескерткіштеріне гүл
шоқтары қойылады. Сүйегі туған жер топырағына
жетпеген жерлестеріміздің жатқан жерлерінен Қазақстанға бір уыс топырақ әкелу
жоспарланып отыр.
Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Халық қаһарманы», генерал-лейтенант:
Ресми автошерудің мақсаты - ол біздің Отан соғысы ардагерлерінің бүкіл
әлемге бейбітшілік алып келген бабаларымыздың, аталарымыздың рухын еске алу және
біз қазақ елі тарихты сыйлайтын халықпыз, тарихымыз терең. Отан соғысының ардагерлері,
біздің бабаларымыз бір болып, осы жеңісті жақындатты.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА