Мұнай-газ
саласының болашағы жас мамандардың қолында. Ақтау қаласында «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы жастарының алғашқы құрылтайы өтті. Шараға 150-ге жуық жас
мұнайшы мен жастар мәселесімен айналысатын жетекшілер қатысты. Жастар ісі
бойынша кеңес құрылып оның алғашқы отырысы да осында өтті.
Мұнай-газ
саласына енді сіңісіп, осы бағыт тарихынан ойып тұрып орын аламын деген жас
мамандар елдің түкпір-түкпірінен Ақтауға ағылды. Бұл «Қазмұнайгаз» жастарының
алғашқы құрылтайы. Бүгінде компанияда 90 мың қызметкер еңбектенсе, оның әрбір
бесіншісі - жас маман. Олардың айтары көп, ұсыныстары да жетіп артылады.
Сондықтан ең алдымен жастар ісі бойынша кеңес құрылды.
Еркін
Көшербаев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ жастар кеңесінің төрағасы:
Біздің
негізгі көздегеніміз - компания жас мамандары мен басшылық арасында диалог
орнату. Алда бес бағытта жұмыс жүргіземіз. Олардың арасында әлеуметтік сала мен
жас мамандар ұсынатын инновациялық ойларды атауға болады.
Бүгінде
компанияда тер төгіп жүрген жастардың 5 пайызы басқарушылық қызметте. Бұл жас
мамандарды жыл сайын шетелге жіберіп, біліктілігін арттыру жұмыстарының берген
жемісі. Алда компанияның барлық жастар ұйымдарын бір жерге шоғырландырып,
кәсіптік деңгейлерін шыңдай түсу жоспарлары тұр.
Серік
Әбденов,
«Қазмұнайгаз» ҰК АҚ адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі
басқарушы директор:
Жалпы
жастардың сұрағымен жастар айналысқаны дұрыс деп ойлаймыз. Біз өз тарапымыздан
қаржылық, басқа да көмек көрсетеміз. Әрине, жастармен проблемаларын талқылауға дайынбыз, шешуге дайынбыз. Бірақ жастар тарапынан белсенділік көрсетілсе
деген жұмысқа, сондықтан қолдау көрсетеліп отыр.
Құрылтай
барысында жасақталған жастар ісі бойынша кеңес болашақта жас мамандардың
жағдайына жіті көңіл бөлмек. Оның құрамына еншілес компаниялардан 24 маман
кірді. Бұдан бөлек түрлі шеберлік сыныптары өткізіліп, тәжірибе алмасу жүрді.
Ал ресми бөлімнен соң, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басшылығы жас
белсенділерді құрмет грамоталарымен марапаттады.
Думан
Ахметов, «Қаражамбас мұнай» АҚ геологы, жас мамандар кеңесінің төрағасы:
Бізде
жас мамандар кеңесі бір жыл бұрын 1 қыркүйекте 2013 жылы құрылды. Және сондай
болып "Өзенмұнайгаз", "Ембімұнайгазда", "РД-Қазмұнайгазда" жас мамандар кеңесі
құрылған еді. Әр жерде, әр облыста бөлек-бөлек жұмыс жасады. Енді мен бүгінгі
осы слетта көріп тұрғаным, барлық компаниялар бірге жиналып, орталықтан ұлттық
компания жас мамандар кеңесі басқаратын бір ұяға айналды деп есептеймін.
Бүгінгі
құрылтай мұнай-газ саласында тер төгіп бастаған ел жастарын біріктіріп,
Қазақстан қамы үшін адал еңбектенуге ынталандыра түспек. Шара соңында жас буын
барша ел жастарына үндеу жолдап, отансүйгіштікке және салауатты өмір салтын
ұстануға шақырды.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ