$532.74 €617.23 ₽6.77
×

«Астана» велокомандасының капитаны Фабио Ару тағы да үздік шықты

AstanaTV
12.09.2014ж. 20:00
1237
«Астана» велокомандасының капитаны Фабио Ару тағы да үздік шықты

«Астана» велокомандасының капитаны Фабио Ару тағы да үздік шықты. «Вуэльта» марафонының 18-кезеңінде қарсыластарының алдын орап кеткен қазақстандық ұжымның спортшысы мәре сызығын бірінші болып кесті. Естеріңізде болса, Ару дәрежелі жарыстың 11-кезеңінде де топ жарған болатын. Спорт жаңалықтары Самат Қанағатовтың топтамасында.

«Вуэльта» гранд турының 18-кезеңінде командалар 2-дәрежелі «Монте Кастрове» шыңын бағындырды. Межелі жерге 3 шақырым қалғанда «Астана» клубының капитаны Фабио Ару шабуылға шығып, қарсыластарынан ұзап кетті. Арудың  қарқынына шыдаған «Скай» командасының капитаны Кристофер Фрум жылдамдығын үдетті. Нәтижесінде қос спортшы қалған шақырымды бірге бағындырды. Артта қалған «Альберто Контадор, Алеханодро Вальверде және ресейлік «Катюша» командасының капитаны Хоаким Родригес алға ұзап кеткен спортшыларды қуып жетуге тырысты. Бірақ сәт сайын жылдамдығын үдеткен Ару мен Фрум олардың маңына жуытпады. Межелі жерге санаулы метрлер қалғанда «Астана» клубының капитаны суырылып алға шықты. Бұл жолы Арудың қарқынына шыдай алмаған Фрум жеңістен біржолата күдерін үзді. Ару болса, жеке дара мәре сызығын бірінші болып кесіп, кезең жеңімпазы атанды.

Жалпы есепте айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бұл кезеңде 5-орынға табан тіреген «Тинькофф Саксо» капитаны Альберто Контадор жарыс лидерінің қызыл жейдесін сақтап қалды. Кристофер Фрум мен Алехандро Вальверде екінші және үшінші сатыларға жайғасса, Фабио Ару көшбасшыға 3 минут 15 секунд ұтылып, 5-орнын сақтап қалды.

Самат ҚАНАҒАТОВ