$544.87 €639.02 ₽6.88
×

Орал қаласында 6-халықаралық мысықтар көрмесі өткізілді

AstanaTV
15.09.2014ж. 13:00
1278
Орал қаласында 6-халықаралық мысықтар көрмесі өткізілді

Орал қаласында 6-халықаралық мысықтар көрмесі өткізілді. Бұл жолы барлығы 32 мысық түрі бағын сынады. Олардың ішінде бенгал мен мейн-кун, британдық қысқа жүнді мысықтар секілді, сирек кездесетін мысық түрлері де бар.

Сыланып-сипанған кербез үй жануарларының барлығы да ерекше күтім көргені байқалып тұр. Әрі асыл тұқымды болып келетін бұл жануарлардың бағасы да арзан емес. Түрлі екпелер жасалған мына кішкентай марғаудың құны 70 мың теңгеден басталса, өзін түрлі сайыстарда көрсетіп, чемпиондыққа таласып көрген ересек мысықтардың бағасы 1 миллион теңгеге дейін бағаланады. Ал ең ауыр мысықтың салмағы 12 келі.

Көрмеге қатысушы мысықтардың әр тұқымына арнайы халықаралық стандарт бекітілген, осы стандартқа сай, қазылар алқасы мысықтар түгінің түсі мен жүнінің үлпілдектігіне дейін тексеріп, тіпті дене бітімін де өлшейді. Осы шарттар бойынша, қазылардың көңілінен шыққан мысықтардың қайсысы көбірек ұпай жинаса, сол үздік деп танылады.

Айта кетейік, дәстүрлі шараға мысықтардың дені Ресейден арнайы әкелінген.

Эльвира Лунева, мысық асыраушылар клубының вице-президенті:

Жеңімпаз деп танылған мысықтарға бағалы сыйлықтар берілмейді. Оның орнына марапат қағаздары мен арнайы қорек немесе күтіп-бағуға арналған құрылғылар секілді ынталандыру сыйлықтары қарастырылған. Өйткені, қожайыны үшін ең бастысы - мысықтарының осындай сайыстарға барынша жиі қатысуы. Сайысқа көбірек қатысқан сайын, олардың бәсі де арта түседі.

Еркін ҚАРИН