«Жас Отан» жастар қанаты жақын арада
жемқор жоғарғы оқу орындарының тізімін жарияламақ. Отандық 62 білім ордасының қатысушылары
арасында жүргізілген анонимді сауалнама елімізде жемқорлық тек жекеменшік
жоғарғы оқу орындарында ғана емес, ұлттық білім ордаларында да кеңінен
таралғандығын көрсеткен.
1200 студенттен алынған ақпарат
негізінде емтихан тапсыру және дипломдық, курстық жұмыстарды «келістіру»
бағалары белгілі болады. Жастар қанаты жетекшілері бүгін «Нұр Отан» партиясының
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық Қоғамдық кеңесі отырысында
білім ордаларындағы парақорлық фактілерін ауыздықтаудың жолдарын ұсынды.
Шәкірттің күнделікті сабаққа
бармастан, емтиханды «өте жақсыға» тапсыруының астарында жемқорлық бастауы
жатыр, дейді жас отандықтар. Мұның алдын алу
үшін ұйымның атқарушы хатшысы ел университеттерінің ортақ порталын жасап,
студенттердің оқу процессіне қатысу-қатыспауын қатаң қадағалауға алуды ұсынды. Сондай-ақ, Нұрлан
Сыдықов университеттердің түлектерінен жұмысқа орналасқаны туралы жалған
анықтама талап етіп, көз бояушылықпен айналысуды тоқтату керек дейді.
Нұрлан Сыдықов, «Жас Отан» атқарушы хатшысы:
Ең бір өзекті мәселелердің бірі - ол мына ауыл жастарына жатақханадағы орын.
Ол жатақханадағы орын еліміз бойынша орта
есеппен 15 мың теңге тұрады. Енді тіпті бір сессияны жабу үшін 30 мың теңгенің
үстінде ақша жұмсаса, бір пәнді жабу үшін 5 мың теңге жолдайды екен. Одан кейін
тағы бір өзекті мәселе - ол ер балаларға қатысты, әскери кафедраға түсу мәселесі.
Әскери кафедраға түсу үшін орта есеппен 500 мың теңгеге дейін ақша жұмсалады
екен. Дипломдық жұмыс 60 мың теңге, курстық
жұмыс 30 мың теңгеге дейін барады деген сияқты мәселелер бар. Бұның барлығын
анықтаудағы басты мақсатымыз - осы мәселені көрсете отырып, осы ЖОО
расында да жастардың білім үшін емес өкінішке орай, диплом үшін баратынына
көзімізді жеткіздік.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ