«Астана» телеарнасындағы «Біз біргеміз»
қайырымдылық тележобасына тура екі жыл. Осы уақыт аралығында жоба тарыққан
отбасыларды қиындықтан құтқаруға орасан зор үлес қосты.
Ауыр дертке шалдығып, тағдырдың қатал
сынына ұшыраған ондаған жәудіркөз сәбидің дертіне «Біз біргеміз»-дің арқасында
шипа табылды. Олардың өмір сүруге құлшынысы артты, ертеңгі күнге деген үміті
оянды. Өткен демалыс күндері Астанадағы «Ана мен бала орталығында» айрықша
акция өтті. «Біз біргеміз» бағдарламасы ұжымының атсалысуымен осында ем алып
жатқан балғындар өз қолдарымен құлтемір құрастырды. Заманауи техниканың тілін
меңгеруге қауқарлы екендіктерін сезінді.
Мына роботтарды балалар өз қолымен жасады. Олар мұндай
мүмкіндікке «Астана» телеарнасы мен жоба серіктесі "Шаг" компьютерлік
академиясы бірлесіп өткізген акция аясында қол жеткізді. Қатерлі ісік және
бүйрек жетіспеушілігі сырқатына шалдыққан мұңлықтардың бұл іске деген
қызығушылығы орасан. 30 ға жуық кішкентай емделуші акцияға белсене қатысты.
Ойлы жанарымен компьютерге үңіліп, бар ынтасымен оның тілін меңгеруге талпынған
сәбилердің көпшілігі ауыр дерттің құрығына ілінген.
Игорь Рыбкин, жобаға серіктес компанияның өкілі:
Қайырымдылық акциясын өткізейік деп шештік. Мақсатымыз - балаларды робот
техникасымен, фотошоп негіздерімен таныстыру. Бұл
қазір сәнге айналған. Роботтар өмірімізге дендеп еніп кетті. Сондықтан балалар
көріп, таныссын деген ойға келдік.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА