Астана қаласының маңындағы
Қабанбай батыр ауылының аумағында аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» республикалық
турнирі өтті. «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығы аясында өткен додаға еліміздің барлық
аймағынан келген шабандоздар қатысты. Жарысқа баптап әкелген жылқылардың басым
бөлігі қазақы аттар. Толығырақ тілші бейнематрериалында.
Ат пен аламан дегенде арқасы
қозып, ішер асын жерге қоятын астаналықтар бұл күні Қабанбай батыр ауылын бетке
алды. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған атбегілер өздері сайлап
әкелген сайгүліктерін аламан бәйгеге қосты. 43 шақырымнан тұратын дүбірлі дода
«Нұр Отан» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Партия соңғы жылдары
көкпарға, аударыспақ пен бүркітшілер сайысына, қазақ күресіне және айтысқа
тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
Құмар Ақсақалов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
Бүгінгі шара ата-бабаларымыздан сақталып қалған
салт-дәстүрімізді одан әрі дамытуға арналған. Қазақ халқы үшін жылқы қаншалықты қасиетті екенін білесіздер. Біздің
бабаларымыз ұлы жеңістерін тарих парақтарына тұлпар тұяғымен жазған.
Аламан бәйгеге қатысқан
жылқылардың басым бөлігі қазақ жылқысы. Асыл тұқымды жылқылармен будандастырылған
жергілікті жүйріктер сенімді ақтап, арабы, ағылшын және түркімен тұқымдас
аттардың алдын орап кетті. Жарыс барысында Бақторы тұлпарын мінген қарағандылық
Думан Амангелді қарсыластарынан оқ бойы озып шығып «Атын тұлпар» турнирінің
жеңімпазы атанды.
Марапаттау салтанатында чемпион алтын алқамен бірге 10 млн теңгеге ие
болды. Екінші орын алған Оңтүстік Қазақстан облысының шабандозы Аманжол
Сүлейменовке 5 млн теңге берілсе, алғашқы үштікті қорытындылаған қарағандылық
Еркебұлан Ермағамбетов 2,5 млн теңгені қалтасына басты.
Думан Амангелді, «Алтын тұлпар» турнирінің жеңімпазы:
Жаңағы ұтқан аттың биыл оныншы бәйгесі. Ол төртінші рет бесінші келіп отыр. Бүгін бағымыз
жанып бірінші келдік. Бұл күнге ризамын.
Сондай-ақ, алғашқы тоғыздыққа
кірген спортшылардың барлығы бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақыға ие болды. Сонымен бірге, «Ат
сыншысы» және «ат тағалаушы шеберлер» байқауының жеңімпаздары арнай
дипломдармен және төсбелгімен марапаталды.
Белоруссия астанасы - Минск қаласында аралас
жекпе-жектен әлем чемпионаты аяқталды. Дәрежелі жарысқа қатысқан Қазақстан
құрамасы айды аспанға шығарды. Әлем біріншілігіне қатысқан 6 спортшымызда
жүлделі оралды. Ел командасының қоржыныда 1 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль
бар. Командалық есепте 2-ші орынға қол жеткізген жерлестеріміз бүгін БАҚ
өкілдерімен кездесіп, тілшілер сұрағына жауап берді.
Айдар Махметов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры
қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
Барлық алты атлет
медальмен оралды. Бұл біз үшін, бүкіл Қазақстан үшін құметті нәтиже, құрметті
жеңіс. Жалпы командалық есепте Ресей 1-ші орында, Қазақстан 2-ші орында.
Біраз үзілістен кейін Қазақстан құрамасының спортшылары Еуропа чемпионатына
дайындығын бастайды.
Самат ҚАНАҒАТОВ