$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Ресейге қарсы санкция салдарынан әлемде мұнай бағасы шарықтап кетуі мүмкін

AstanaTV
16.09.2014ж. 10:00
1311
Ресейге қарсы санкция салдарынан әлемде мұнай бағасы шарықтап кетуі мүмкін

Еуроодақ пен АҚШтың Ресейге қатысты шектеулері жақын жылдары мұнай өнімдері тапшылығы мен баға өсіміне себеп болуы ықтимал. Бұл туралы пікірін «Файнаншал Таймс» басылымына «Бритиш Петролиум» экс-басшысы Тони Хэйворд баяндады.

Оның айтуынша, батыстың санкциялары «Роснефть» кәсіпорны мен «Эксон мобил»-дің бірлескен Арктикадағы мұнай барлау ісіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, басылым, санкциялар тек болашақ жобаларға ғана емес, ағымдағы іске асып жатқан жобалардың іркілуіне де әкеп соғуы ықтималдығы жазуда.

«Фананшал Таймс» мысал ретінде «Эксон мобил» мен «Роснефть»-тің «Сахалин-1» кен орнындағы бірлескен жобасын келтіріп отыр. Санкциялардың ғаламдық қауіп-қатерін айта келе, Тони Хэйворд жақын жылдары баға өсімі де болатындығын айтты.

Еске салайық, Еуроодақ пен АҚШ өткен жұма күні Ресейге қатысты шектеулер көлемін ұлғайтқан-ды. Санкциялар «Газпром», «ЛУКОЙЛ», «Сургутнефтегаз», «Транснефть», «Газпромнефть» мұнай компаниялары мен қызмет экспортына қатысты болған.

Жұрағат БАМАН