$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Өскеменде «Тур де Өскемен» веложарысы өтті

AstanaTV
16.09.2014ж. 10:00
1531
Өскеменде «Тур де Өскемен» веложарысы өтті

«Тур де Өскемен». Осындай атпен алғашқы рет Риддер мен Өскемен қалалары арасында халықаралық веложарыс өтті. Әлемнің 10 бірдей елінен ұзын-саны 1 мың 300 адам қатысып, 130 шақырымдық жолда бақ сынады. Қатысушылар Өскемен орталық республика алаңындағы мәреге жету үшін 4 сағат уақыт жұмсаған. Кәнігі кәсіби спортшылар мен әуесқойлар арасындағы веложарыс бәсекесін біздің тілшілер жерден де әуеден де қызықтап қайтты.

Бұрын-соңды Риддер көшелері велосипедке бұлай толған емес. «Тур де Өскемен» турнирінде топ жарамын дегендер қатарында кәсіби спортшылардан бөлек әуесқойлар, әрі қарапайым тұрғындар да болды.

Джордж Памма, жарысқа қатысушы (Ямайка):

Достарымнан жарыс болатынын ести сала, қатысуға бел будым. Біз үшін бұл өте маңызды, әрі бұл бәсеке «Тур де Франс» жарысынан ешқандай кем емес.

Жарысқа түскендер ішінде жасы үлкені - Туғанбек Қасымов. 69 жастағы ақсақал өзін әлі тың сезінеді. Әрі бейбіт өмір мен "Нұр Отан" партиясының қолдаушысымын дейді. Өзі Өскеменнен арнайы келіпті.

Туғанбек Қасымов, жарысқа қатысушы:

Мен әлемнің 40 мемлекетінде болдым. Спорт сүйгіш және ортақ мақсаттағы барлық жастарды қолдаймын. Әсіресе, олардың мейрімді болуларын қалаймын.

Айтулы жарыс аясында қос қаланың әкім-қаралары да тегіс велосипедке отырды. «Көпке көрген ұлы той» дегенімен ақжағалылар 130 шақырымды еңсеруге тәуекел жасамады. Алайда, мәреге дейінгі 5 шақырым жерді оңай еңсерді. «Астана» велокомандасының мүшесі - Дмитрий Муравьев екі мәрте «Тур Де Франс» бәйгесінде бірінші келген. Ол кәсіби маман ретінде «Риддер-Өскемен» тас жолының қиындығы әлемге әйгілі Франция жолдарынан еш кем еместігін мойындайды.

Дмитрий Муравьев, ҚР велоспорт федерациясының атқарушы директоры:

Мен қуаныштан жүрегім жарылардай боп тұрмын. Мұндай шараны біздің елде өтіп жатқаны қатты қуантады. «Тур де Франс» секілді дүниежүзілік доданы осы жақта өткізуге деген үлкен үмітіміздің бар екенін байқадым. Солай болып жатса, бұл жолмен велосипед серуенін жасап, туризмді де дамытуға болар еді.

Сонымен, жарыс жолын жеңіспен аяқтаған Алматы құрамасының капитаны Брутим Андрей Линник болды. Мәре сызығын бірінші болып кескен ол, ойланбастан әуелі отбасына қоңырау шалды. Сөзіне сенсек, 8 баланың әкесі екен. Ең кіші қызым 4 жаста дейді.

Андрей Линник, «Тур Де Өскемен» веложарысының жеңімпазы:

Жарыс - қаншалықты қиын болса, соншалықты қызықты болды. Құдайдың қалауымен осы біздің Өскемен еліміздің велоспортының Астанасы болады деп үміттенемін. Неге болмасқа, біріншіден, жолы жақсы, әрі тұрғындары спорт сүйгіш. Біз бұл жеңісімізбен жақсы бастаманы бастадық деп ойлаймын.

«Тур де Өскемен» велобәйгесіне қатысушылардың барлығы естелікке бағалы сыйлықтар алып, арнайы сертификат иелері атанды. Енді «Тур де Өскемен» веложарысы спорт сүйер қауымның жылда болатын мерекесіне айналмақ.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ