Бүгін АҚШ президенті Барак Обама Эбола
індетімен күресуге Батыс Африкаға 3 мың америкалық әскер аттандыру туралы
шешімін жария етпек. Сондай-ақ, Америка Африка елдерін тазалық талаптарына
үйрететін медицина мамандарын даярлайтын ірі жобаны іске асырмақ. Бұл туралы «Интерфакс»
агенттігі хабарлайды.
Обама бүгін Атланта қаласында індетті
бақылау орталығына барып, басшылықпен кездеседі. Сол жерде мәлімдеме жасайды деп күтілуде. АҚШ президенті әлемдік
қауымдастықты 2400 адамның өмірін жалмаған вирустың таралуына қарсы күресуге
шақырмақ.
Ал Пентагон, әскерилерді аттандыруға
және медицина мамандарын оқытатын 17 орталықтың құрылысына 500 млн доллар
бөлінетінін мәлім етті. Біріккен ұлтар
ұйымының Қауіпсіздік кеңесі де шұғыл жиын өткізбек. Ол осы бейсенбіге
белгіленген. Конференцияда жұқпалы індеттің таралмауына Халықаралық ұйымның
ықпал ету мүмкіндігі сараланбақ.
Мөлдір ДҮЙСЕКИНА