Солтүстік Қазақстан облысында
орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл теріскейде жаңбыр молынан жауып, егін бітік
шықты. Жалпы, үстіміздегі жылы өңірлік дихандар 3 млн 274 мың гектар жерге
дәнді дақыл сепкен. Әзірге егін басындағы жұмыстың 30 пайызы орындалды. Алайда,
ара-тұра құйған жауын-шашынның салдарынан, ору жұмыстары уақытша тоқтап қалатын
күндер де бар. Бұған қарамастан шаруалар ырыс дәнін 100 пайыз жинаймыз деп
жоспарлап отыр. Астық алқаптарының ахуалын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин
көріп қайтты.
Алтын далада ору жұмысы қайнап тұр. Ауыл шаруашылығымен осымен 40 жыл
айналысып келе жатқан «Лесной»» серіктестігі биыл дәнді дақылды 6 мың 300
гектар жерге сепкен. Білеудей-білеудей масақтарды дихандар жерге құлатпай-ақ,
бірден жинауда. Себебі, орақ науқаны 2 аптаға кеш басталып, шаруалар жұмыс
қарқынын күшейтті. Әзірге гектар берекелігі 25 центрнерден шығып жатыр.
Елена Елестратова, кәсіпорынның бас агрономы:
Осы уақытқа дейін элеваторларға дәнді дақылдардың 1300
тоннасын жібердік. Бидайдың клейковинасы
23-тен асады. Енисей мен Кейс маркалы 11 комбайнымыз бар. Жұмыс қарқынды жүріп
жатыр. 1-қазанға дейін жұмысты бітіреміз деп ойлаймын.
Солтүстік қазақстандық астық
қабылдау қоймалары да қамбаларды толтыруға сақадай сай. Облыста 58 элеватор бар.
Олардың жалпы сыйымдылығы 6 млн тоннаның маңайында. Күзгі орақ науқанына орай
Қызылжарда жаңадан тағы бір элеватор ашылды. Астық қоймасы күніне дәнді және майлы
дақылдардың 10 мың тоннасын қабылдауға қауқарлы. Бұл - нысанның басты
ерекшелігі болып табылады.
Қуат Қасен, элеватордың бас директоры:
1 млн тонна астықты жылына артуға мүмкіндігіміз бар
темір жол арқылы. Бұның құрылысына 8,7
млрд теңге қаражат кетті. бұл элеватор,, айта кететін болсақ, басқа
элеваторларға қарағанда 3-4 есе энергияны азырақ тұтынады. Өйткені, бұл жерде
жаңа инновациялық технологияларды қолдандық.
Бүгінде теріскейде егіннің 1 млн
300 мың гектары құлатылып, жартысынан астамы қырманға жеткізілді. Әзірге өңір бойынша
шамамен гектарына 14 центнерден жиналып жатыр. Ауыл шаруашылығы мамандарының
айтуынша, бұл көрсеткіш жаман емес. Жалпы, өңір аграршылары биыл астық көлемін
5 млн тоннаға дейін жеткізеді деген болжам жасалып отыр.
Серікбай Тұралинов, СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының
басшысы:
Мемлекет тарапынан қуатты
көмек жасалып жатыр. Биылғы жылы 72 мың тонна арзандатылған
бағамен жанармай біздің облысымызға бөлінді. Бұл кесте бойынша игеріліп, ауыл шаруашылығы
құрылымдарына жеткізіліп жатыр. Ауыл шаруашылық құрылымдарының өздерінің
жоспары бойынша бір айдың ішінде ауа райы ашық болған күнде
мынау егін науқаны бітеді деп есептейміз.
Таяуда «Азық-түлік келісім-шарт
корпорациясы» биылғы астықты сатып алу бағасын белгіледі. Бидайдың бір тоннасы
33-35 мың теңге шамасында болмақ. Ал 2-ші сұрыптағы арпаның құны 23-24 мың
теңгеге белгіленді. Корпорация шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына 1,5
миллиард теңге көлемінде несие берді. Қарыз бидай түрінде қайтарылады екен.
Сондай-ақ, биыл шаруашылықтардан арпа да сатып алынатын болды.
Құдайберген Қалиев, «Азық-түлік Келісім-шарт
Корпорациясы» АҚ облыстық филиалының менеджері:
Ал енді клейковинасы 25 болса, одан да жоғары болатын
болса және натурасы 750, одан да жоғары болатын болса бұл бидай 36 мың теңгемен
алынады. Бұл үлкен тоолардан, ал
жай КХ-лардан 34400 теңгемен алынады. Және биылғы жылы арпа сатып алынатын
болды. арпаның құны үлкен тоолар үшін 24 мың теңге, ал енді кішкентай
кристианский хозяйствалар үшін болады 33 920 теңге.
Егін басындағы күзгі қарбаластың
басталғанына 2 апта болды. Әзірге жұмыстың 3-тен 1-і еңсерілді. Ауа райы қолайлы
болып, шаруалар қарқынынан таймаса, орақ науқанының межеленген уақытта бітуі
әбден мүмкін.
Орайы келгенде айта кетейік,
астық алқаптарында егін ұрланбасын деп полицейлер «Өнім 2014» алдын алу акциясын
бастап кетті. Шара барысында тәртіп сақшылары шаруа қожалықтарының жетекшілерімен тығыз
қарым-қатынас орнатып, егістік алқаптарын күзетпек.
Абзал ҚҰРМАНКИН