Шымкентте 8 жасар баланың өлімі үшін
туыстары дәрігерлерді кінәлайды. Зар еңіреген
ата-ана сырқаттанып көмек сұрап барған ұлдарын медицина қызметкерлері
немқұрайлылықпен өлтіріп алды деп ашынады. Қаралы жандардың сөзіне сенсек,
дәрігерлер іші ауырған баланы 11 сағат бойында ауруханадан ауруханаға
сандалтқан. «Бір барған жерге қайтып ораламыз дегенше, ұлымыз көз
алдымызда өліп кетті», - дейді құса болған ата-ана.
Айта кетейік, осы оқиғадан кейін ішкі
істер органдары «Дәрігерлердің салғырттығынан адам өліміне алып келу» дерегі
бойынша қылмыстық іс қозғаған. Мұны Абай
ауданының прокуроры Әбутәліп Мұстафаев растады. Қазір алдын ала тексеру
амалдары жүріп жатыр . Қайғылы жайт себептерін өңірдегі тілшіміз Айзада
Төребекқызы зерттеп көрді.
- Осы киіммен
қайтыс болды балам. Осы киімі маған қатты ыстық тартады. Осы киімін көрсем, баламды аңсап, іздей берем. Құлыным.
8 жасар Әлихан Сейтханнан қалған ендігі естелік оның киімі,
суреттері мен ойыншықтары ғана. Биыл үшінші сыныпқа барғалы жүрген кенже
ұлдарынан бір күнде айырылып қалған отбасы мең-зең. Анасының айтуынша, Әлихан
тамыздың 27-нде ішінің ауырғанын айтып жылаған. Түнімен амалдап таңғы 10-дарда
жедел-жәрдем шақыртыпты. Келген дәрігерлер «соқыр ішек» деген диагнозбен
қалалық 1-балалар ауруханасына жеткізген. Бұл жерде 6 сағат тексеруден соң,
«қанты көтерілген болуы мүмкін» деп өзге ауруханаға жол сілтеген.
Ақмарал Әбсеметова, Ә.Сейітханның анасы:
Ол жерде көптеген заключениелер қойып тастады. «Баланың қуығында ісік бар,
гепатит, халерестицид, көптеген заключение қойды, диагноз қоя алмады. Ал біз сахарный центрге барғанымызда
олар ешқандай сахар белгі жоқ. Бәрі норма. 7,3 болу керек екен, бізде 7,368
дегенді көрсетті. - Олар
қаяқа сілтеді? - Олар бізді «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы облыстық балалар ауруханасына жіберді.
Нышанғали Мамешов, Ә.Сейітханның әкесі:
11 сағат бойы балама ешқандай диагноз қоймай әр больницадан больницаға
сандалтып, менің баламды өлтірді олар. Жазасын
алсын.
11 сағат бойы үш аурухананың арасында жүріп уақыт жоғалттық
деген ата-ананы облыстық балалар ауруханасындағылар бастапқы барған ауруханаға
қайта жіберген. Бұл уақытта әбден жаны қиналып, оның үстіне қарны ашқан
ұлдарының өтінішімен үйге оралған. Осы аралықта баладан айрылып қалған.
Өкінішке орай 8 жасар Әлиханның өлімінің негізгі себебі тек келесі күні
мәйітханада сараптамада белгілі болыпты.
Ақмарал
Әбсеметова, анасы:
Некроз кишечника деді. Жалпы былай
айтылғанда ішек түйіліп қалған дейді. Егер дейді сол жерде дер кезінде ішті
жарып ашқанда сол ішекті ажыратқанда ештеңке бомас еді дейді. Аман қалар еді
бала дейді. Ешқандай
көмек жоқ. Еш болмаса реанимацияға кіргізіп бір наблюдениеге алайық деген бір
врачтың ойына да кірген жоқ. Олар бізге малша қарады.
Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл - балалар
арасында өте сирек кездесетін кесел дегенді айтты. Сол себепті бірден анықтау
мүмкін болмаған. Дегенмен кінәлілер жазасын алды деп түйді.
Балжан Исабекова, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы, Ана мен
бала денсаулығын қорғау бөлімінің бастығы:
Науқас баланың ата-анасы көмекке жүгінген үш ауруханаға да медициналық
тексеру жүргізілді. Басты қателік науқас
баланы бірінші боп қараған хирургтен кеткені белгілі болып отыр. Науқастың
нақты неден ауырғанын біле алмаса, ол диагностикалық зерттеу жүргізуі тиіс еді.
Ол оны жасамаған.
Осы оқиғадан соң, 2-қыркүйекте
ата-аның арызы негізінде хирург жұмыстан босатылған. Тағы бес дәрігер қатаң сөгіс арқалапты. Алайда, қапыда қара
жамылып қалған отбасы бір ғана дәрігердің қызметтен кеткеніне разы емес.
Айтуларынша, хирург бір жылдық
жалақысы сақтала отырып өз өтініші негізінде жұмыстан босатылыпты. Бұл жаза тым жеңіл деп санайтын отбасы, қазір тиісті
орындарға шағым түсіруде.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ