$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Қарағанды облысының Көкпекті ауылында су тасқынынан жарылған бөгет апат кезінде «Шаңырақ» агрофирмасына тиесілі болмаған

AstanaTV
17.09.2014ж. 10:00
1827
Қарағанды облысының Көкпекті ауылында су тасқынынан жарылған бөгет апат кезінде «Шаңырақ» агрофирмасына тиесілі болмаған

Көкпектідегі су тасқынынан жарылған бөгет апат кезінде «Шаңырақ» агрофирмасына тиесілі болмаған. Компания құрылтайшысы - Ерлан Чкалов мұны сотта дәлелдеп шықты.

Айта кетсек, наурызда Қарағанды облысының Көкпекті ауылында су бөгеті жарылып, тасқын ауылды шайып кеткен еді. Қайғылы жағдай бес адамның өмірін қиды. 300-ден астам үй-жай қирады. Оқиғаға жауаптылар мен айыптылар әдеттегідей апаттан кейін ғана ізделді. Өз ісіне салғырт қарады деп, ауылдық округ әкімі, жергілікті төтенше жағдайлар басшылығы, су қоймасын жалға алушылар және «Шаңырақ» агрофирмасы да айыпталды. Прокурорлар, «Шаңырақ» фирмасы бөгеттің тікелей иесі, оның жағдайын бақылауда ұстауы тиіс дегенді айтты.

Алайда прокурорлардың айыптары дәлелсіз болып шықты. Бөгетті жалға алушылар оның апаттық жағдайда тұрғанын жеті жыл бойы айтып, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған екен.

Дмитрий Крюков, Қарағанды облыстық сотының судьясы:

«Шаңырақ» агрофирмасы бөгеттің нөмірі бірінші платинасының иесі екенін көрсеткен дәлелдер негізсіз болып шықты. Сот айғақтарды зерттей келе, мұны жоққа шығарды.

Айта кетерлігі, бүгінде Көкпекті ауылы толығымен қалпына келтірілді. Далада қалған тұрғындар жаңа баспанаға қоныстанды. 49 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Ал бөгеттің тағдыры әлі шешілмеген. Оны коммуналдық меншікке бергеннен кейін жөндеуден өткізуі мүмкін.

Айгүл ӘДЕПБАЙ