Павлодардағы түзету мекемелері
жүйесінің өкілдері, сотталғандарды ұрып-соқты деген ақпарды жоққа шығарды. Құзырлы
органның мәліметінше, мыңнан астам адам тоғытылған қатаң тәртіптегі АП-169/4
колониясында жоспарлы тінту шарасы жүргізілген.
Кезекті кездесуге келген
павлодарлықтар түрмеде болып жатқан жағдайды «туыстарымызға әлімжеттік көрсетті»
деп түсінеді. Куәгерлердің айтуынша, кеше таңертең түзету мекемесіне әскерилер мінген 10
жүк көлігі келген. Араға уақыт салып бірнеше жедел жәрдем және ОМОН да жетіпті. Бірақ,
іштегі оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме берілмеген. Алаңдаған сырттағы
қауым түрмеге күшпен басып кірмек болған. Алайда, кикілжің барысында зардап
шеккендер жайлы ақпаратты шенеуніктер жоққа шығарды.
Ерсайын Нұртазинов, Павлодар облыстық түзету
мекемелері жүйесі департаментінің басшысы:
Бұл ақпарат жалған. Өйткені, колонияда таңғы 8-де тінту шаралары жүргізілді. Бәрі заң талабына
сай өтуі үшін прокурорлар да болды. Бақылап, қарап, қажет жағдайда оқиғаға
қатысты жауап та берген болатын. Туыстары тарапынан кішігірім толқу орын алғаны
рас. Жалпы жағдай тұрақты.
Құқық қорғау қызметкерлерінен
тұшымды жауап ала алмаған бұқара бүгін облыс әкімдігі алдына жиналды. Тұрғындармен тілдесуге
шыққан өңір басшысының орынбасары Арын Орсариев мәселені бақылауына алғанын
және болған жайтты тексеретін арнаулы комиссия құрылғанын мәлемдеді.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ