$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы балабақша меңгерушісі заңға қайшы әрекетке жол берген

AstanaTV
17.09.2014ж. 10:00
2060
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы балабақша меңгерушісі заңға қайшы әрекетке жол берген

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы балабақша меңгерушісі заңға қайшы әрекетке жол берген. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларды балабақшаға қабылдап, олардан ақы алған. Кезекті тексеру барысында прокурорлар дамуы баяу 27 бүлдіршіннің, осы аудандағы «Балдырған» балабақшасына алынғанын анықтапты. Ал заң бойынша мұндай балаларға тегін қызмет көрсетілуі керек екен.

Элеонора Өтеғалиева, Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы:

Ел үкіметінің 499-Қаулысымен бекітілген тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының білім беру қағидаларына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған санаториялық бөбекжайларда, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды күтіп-бағу тегін негізде ұсынылады.

Бірақ, балабақша басшылары мен облыстық білім басқармасының өкілдері прокуратурамен келіспейді. Олардың сөзінше, бұл мәселеде адамгершілік пен заң талаптары бір-біріне қайшы келіп отыр. Өйткені, ауданда мұндай балалармен айналысатын арнайы мекеме жоқтың қасы. Сондықтан, балабақша меңгерушісі қамкөңіл ата-аналарға түсіністік танытып, бөбектердің ішім-жеміне ғана ақы алып келгендерін айтып шыр-пыр. Білім басқармасының өкілдері бұл балалардың ауруы жұқпалы еместігін, әрі балабақшадағы өзге бүлдіршіндерге қауіп төндірмегенін алға тосып отыр. Олар аудандық денсаулық сақтау бөлімінің ауру баланы сау деп анықтама беріп, даудың ушығуына себепші болғанын айтады.

Светлана Темірғалиева, Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының бөлім басшысы:

Денсаулығы туралы анықтамасында баланың дені сау деп берілген. Ата-ана жаңағыдай баласының даму мүмкіндігі шектеулі болғаннан кейін, ол міндетті түрде осы ережелерге сәйкес, барлық құжаттарын тапсыруы керек. Жаңағы балабақша меңгерушісінің қолында бала сау деген құжаттама бар. Соның негізінде ол қабылдап отыр.

Еркін ҚАРИН