$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Порошенко Еуроодақпен қауымдастық туралы құжатты бекіту келісіміне қол қойды

AstanaTV
17.09.2014ж. 10:00
1408
Порошенко Еуроодақпен қауымдастық туралы құжатты бекіту келісіміне қол қойды

Украинаның Жоғары Радасы мен президент Порошенко дауыс беруден соң Еуроодақпен қауымдастық туралы құжатты бекіту келісіміне қол қойды. Бұл қадамды Украина парламенті «қанмен жеткен» тарихи сәт деп бағалап отыр.

Елдің сыртқы істер министрі, енді Еуроодақ қақпасының кілті Киевтің қолында деп санайды. Украина Радасымен бір сәтте келісімді Еуропарламент те ратификациялады. Қос парламент депутаттары келісімді бекіту барысында бейнебайланыста болды.

Өз кезегінде Петр Порошенко Еуроодақ мүшелеріне алғысын білдіріп, әлі күнге дейін бір де бір мемлекет «еуропалық» атану үшін осыншама қымбат баға төлемегенін атап өтті. Президент келісім құжатына қол қойған соң жақын арада «Украина 2030» ұлттық реформаларының жоспарын ұсынатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Еуроодақпен келісім бір жылдық кешігумен жасалды. Елдің бұрынғы үкіметінің қауымдастық келіссөздерін тоқтатуы Виктор Януковичтің биліктен кетуімен аяқталды. Еуроодақ-Украина серіктестігінің сауда-саттық келісімі Ресейдің төндіріп отырған қаупіне байланысты кейінге қалдырылды, дейді одақ комиссары Штефан Фюле. Мәскеу келісім бекітілген күннен ізінше Украина ұлттық экономикасына әсер ететін санкциялар жариялайтыны туралы ескертті.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ