Астана «Ассамблея жылын» өткізуге
әзірлікті бастап кетті. Елордада шаһар әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен Астана
қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының 14-ші сессиясы өтті. 2015
жылы Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толмақ.
Осыған орай Мемлекет басшысы,
Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев келер жылды Ассамблея жылы деп
жариялағаны белгілі. Елорда билігі ұлттық мәдени орталықтармен бірлесе отырып, маңызды шараны
өткізу жоспарын жасақтауды қолға алды. Ол «Астана - бейбітшілік пен
келісім қаласы» деген ұран аясында өткізілмек.
Айта өтейік, әлеуметтік сауалнама
нәтижесі көрсеткендей, ел тұрғындарының 90 пайызға жуығы Қазақстан халқы
Ассамблеясының халық мүддесіне жұмыс істеп жүргеніне сенеді. Осылай деп
мәлімдеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов «Бұл
Мемлекет басшысы саясатының салмақты нәтижесі», - деді. Өткен жылы ҚХА он
мыңнан астам шара өткізді, оған үш миллиондай адам қамтылды.
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
Жұмыс өте ауқымды, тыңғылықты әзірлікті қажет етеді. Бүгінгі
жиын әзірлік жұмыстарының ресми түрде басталғанын білдіреді. Тағы бір маңызды
мәселе - Қазақстан Халқы Ассамблеясы жылын өткізудің концепциясын жасауға
тиіспіз. Бір ай көлемінде бұл жоба әзір болуы керек, әсіресе, ұлттық мәдени
орталықтар тарапынан ұтымды ұсыныстар күтеміз.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА