Астанадағы №76 мектеп-лицейде
болған оқушы өліміне қатысты жаңа деректер анықталды. Сыныптасының өліміне
айыпты оқушы 2007-жылдан бастап психиатриялық аурухананың тіркеуінде болған
көрінеді. Биылғы оқу жылына дейін ол үйде білім алған.
Біржан Мәжренов, Астана қаласы Есіл ауданының прокуроры:
Ағымдағы жылдың тамызында дәрігерлер кеңесі балаға
жалпы білім беру бағдарламасы бойынша 2014-2015 оқу жылдарында орта мектепте
білім алуға кеңес берген. Сол себепті ол орта
мектепке қабылданды.
Қалалық прокуратурада қайғылы
оқиғаға байланысты берілген ақпарат тым жұтаң болды. Ұйымдастырылған баспасөз
брифингінде Білім және ғылым министрлігі, білім басқармасы, Балалардың
құқықтарын қорғау комитеті өкілдері қатысады деп алдын ала аңдатпа
тасталғанымен, журналистер қауымының алдына тек Есіл аудандық прокуроры шықты.
Брифингті ұйымдастырушылар ақпарат құралдары өкілдерінің қосымша сұрақ қою
мүмдігін де шектеді.
Еске салайық, кеше № 76-мектеп-лицейінің
8-нші сынып оқушыларының арасында келіспеушілік туындап, бірі екіншісін оң
кеудесіне қалапсаппен ұрып, соңғысы ішкі қан құйылудан жедел жәрдем көлігінде
көз жұмды. Оқиға бойынша әзірге қылмыстық іс қозғалған жоқ. Айыпты деп танылған бала
қазір 13 жаста. Ал Қазақстан қылмыстық кодексіне сәйкес адам өліміне
жауапкершілік 14 жастан басталады.
Бүгін Білім және ғылым министрі
Аслан Сәрінжіпов министрліктің жауапты хатшысының басшылығымен қайғылы оқиғаның
анық-қанығын зерттейтін арнайы комиссия құрылғандығы туралы мәлімдеп, қаза
тапқан баланың ата-анасына көңіл айтты.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Бұл үлкен қайғы. Сондықтан, қайтыс болған баланың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, сол себепті ешқандай мәлімдеме жасағым
келмейді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ