Украинадан Қазақстанға қашып
келгендердің мәртебесі әлі анықталған жоқ. Ақтөбе облыстық көші-қон
полициясында, үстіміздегі жылдың 30-шілдесінен бері босқын мәртебесін сұраған
11 арыз тіркелген. Олардың барлығы дерлік Украинаның оңтүстік-батысынан келгендер.
Дегенмен, арасында арызынан бас тартқандар
да табылған. Қазіргі таңда 9 азаматтың өтініші тиісті комиссияның назарында. Еліміздің заңнамасына сәйкес босқын мәртебесін беру туралы шешім 90 күн
ішінде қабылданады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай,
Войцаховскийлер отбасы сол статусқа ілігуден үміткерлердің бірі. Олар биыл жазда Шығыс
Украинадағы қақтығыстан бас сауғалап, Қазақстандағы жақындарын жағалап келді.
Нұрлан Багитов, Ақтөбе облыстық ІІД Көші-қон полициясы
басқармасының бөлім бастығы:
Комиссияның алғашқы отырысы қазан айына жоспарланған. Әзірге Қазақстан Республикасының нормативті акттеріне
сәйкес босқын мәртебесіне үмітті деген куәлік береміз. Біздің елден пана іздеп
келгендерге берілетін құжатпен тіркеуге тұрмай-ақ еркін қозғалуына мүмкіндік
болады.
Мансұр ЕСҚОЖИН