$533.61 €621.07 ₽6.78
×

«Атырау Жарық» қолдары ампутацияланған балаға 11 млн өтемақы төлейді

AstanaTV
17.09.2014ж. 20:00
1612
«Атырау Жарық» қолдары ампутацияланған балаға 11 млн өтемақы төлейді

«Атырау-Жарық» АҚ мүгедек болып қалған 10 жастағы балаға 11 млн. теңге төлейтін болды. Қайғылы жайт аталған мекеме мамандарының салғыртығынан болғанын сот дәлелдеп шықты. Қалалық сот 4 айға созылған іс бойынша енді ғана шешім шығарды. Баланың ата-анасы қабылданған шешім әділ деп санайды.

Жаңылсын Қоспанова, Әділеттің анасы:

«Атырау-Жарық» кінәсі дәлелденді. 11 млн теңге моральный шығын мен протезіне төленетін болды. Сот әділ шешім шығарды. Алматының дәрігерлері Германиямен сөйлесіп, Оттогов фирмасына келісіммен, біз Германияға барамыз. Баланың протезін жасатып келеміз. Қазір балам жақсы, далаға шығып ойнап жүр. Мектепке келгісі келгісі келеді, балалармен бірге оқысы келеді. Қатарларына қосылғысы келеді.

Бірақ дәрігерлерлік сараптама Әділетті үйден оқыту туралы қорытынды шығарды. Еске салайық, үстіміздегі жылдың сәуір айында достарымен бірге ойнап жүрген 4-сынып оқушысы Әділет Құрманғалиев, ашық тұрған трансформатор стансасы ауласына кіріп, сол жерде 35 мың волттық тоққа тартылып құлаған. Дәрігерлер 10 күн бойы аурухананың жан-сақтау бөлімінде жатқан Әділеттің бір қолын иығынан, екінші қолын шынтағынан төмен кесуге мәжбүр болды.

«Атырау-Жарық» мекемесі мамандары трансформатор пунктінің есігі жабық болғанын айтып, дес бермегенімен, сол күні қауіпті аумақтың қараусыз жатқанын куәгерлер айғақтады. Анасы сап-сау баласының әп-сәтте мүгедекке айналғанына әлі күнге сенгісі келмейді. Енді тым болмаса ас-суын өзі ішу үшін арнайы протезді Германияда жасатпақ.

Базаркүл ІЗІМОВА