Миллион теңгелік махаббат! Қарағанды
қаласының 10 тұрғыны телефон алаяқтарының алдауына түсіп қалды. Ғаламтор арқылы танысқан қызды ұнатқан олар ғашығымен
телефонмен тілдесіпті. Біраз уақыт сырласқаннан кейін жігіттерді тәнті қылған
сылқым үшті-гүйлі жоғалады. Сезімдері сергелдеңге түскен серілер, артынша
«Қазақтелекомға» берешек екендерін естіп жағасын ұстаған. Салы суға кеткен
жігіттер бұл телефон қоңырауының ақылы екендігін ешкім ескертпегендігін айтып
ақталуда. Бірақ, мұны дәлелдеу мүмкін болмай отыр.
Әлеуметтік желілер арқылы танысқан
Юлия есімді бейтаныс бойжеткен, жігіттерді сыңғырлаған даусымен баурап алыпты. Серілердің барлығы да Юлияның қиылған өтінішінен кейін,
бірден телефон тұтқасына жармасқанын айтып ақталуда.
Дмитрий Белугин, жәбірленуші:
Мен танысқан Юлия
Градованың телефон нөмірі 8809 0805055. Коммутатор телефонның ақылы екендігін,
бірақ Қазақстан бойынша тегін екендігін ескертті. Осыдан кейін біз армансыз
сырластық. Осылайша, 800 мың теңге берешек болып шыға келдім.
Кейін осындай телефон қоңырауының бір минуты 1 мың 120
теңге екені мәлім болған. Енді «Қазақтелеком» қарызын қайтаруды талап етуде.
Бейтаныс бикеш бір емес, бірнеше жігітті алдап соққан. Шағымданушылардың
барлығы да бойжеткенмен өмір, адамгершілік туралы сырласқанын, басқа ешқандай
қызметті пайдаланбағанын айтады. Кейін тексере келе даулы нөмірдің жеке
мекемеге тиесілі екендігі анықталыпты.
Виталий Обухов, жәбірленуші:
«Қазақтелеком»-дағылар менің «Сұлулық» жеке кәсіпкерлігіне хабарласқанымды
айтты. Олармен қызмет көрсету туралы келісім
жасалған, бірақ, нендей келісім екендігі белгісіз. Мен оларға көк тиын да
төлемеймін. Өйткені, сөйлесу тегін екендігін өздері әу баста айтқан.
«Гарант» тұтынушыларды қорғау орталығы
абоненттердің құқы бұзылғанына сенімді. Өйткені,
азаматтар өздеріне кімнің қызмет көрсететінін және қайда хабарласқанын білуі
керек. Бұл сотқа айғақ ретінде қажет.
Жасылан Айтмағамбетов, «Гарант» тұтынушылар құқын қорғау
қоғамының төрағасы:
«Қазақтелеком» бұл даудың тұтынушылардың пайдасына шешілгенін қаламайды. Өйткені, олар түсер пайдадан үлес алып қалғысы келеді.
Бір қызығы - әр минуты 1 мың теңгеден
қымбат тұратын телефон нөмірін жеке кәсіпорны бар кез-келген адам ала алады. Осыны тексермек ниетпен өзімізді пал ашатын көріпкел
ретінде таныстырып, бар-жоғы 5 минуттың ішінде байланыс операторынан түрлі
пайдалы ұсыныстарды қабылдадық. Осылайша, «Қазақтелеком» мен абоненттер арасында әлдебір компанияның делдал
қызметін атқаратындығы мәлім болды.
Аймақтық сату бөлімінің
маманы:
Мысалы, әр минуты 112 теңге болатын тарифтен түсер 12 теңгені қосымша құн
салығы ретінде төлейміз. Ал қалған 100 теңгені "Қазақтелеком"-мен бірге өзара бөлісеміз. Сіздің қалалық телефон нөміріңіз
белгісіз болып қалады. Біз сізге басқа нөмірді ұсынамыз. Мекен-жайыңыз да құпия
сақталады.
Жәбірленушілер жан-жаққа шағымданғалы
бері үш ай өткеннен кейін облыстық ІІД қылмыстық іс қозғады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, мұндай тұзаққа 160-тан астам
адам алданып қалған. Қыздардың аңғалдығын пайдаланған жігіттер оларды да
тақырға отырғызыпты. Ал қазір дауға айналған телефон нөмірі өшірулі.
Еркін ҚАРИН