$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Өскеменде балаларына екпе егуден бас тартып жатқан ата-аналар саны артуда

AstanaTV
18.09.2014ж. 10:00
1700
Өскеменде балаларына екпе егуден бас тартып жатқан ата-аналар саны артуда

Елімізде балалар арасында жаппай вакцинация басталды. Бұл біріншіден, туберкулез, гепатит және дифтерияға қарсы екпелер. Дәрігерлерді мазалап тұрған басты сұрақ: ата-аналардың бұл екпелерден үзілді-кесілді бас тартуы. Осыдан екі жыл бұрын вакцинациядан бас тартқандардың саны бірең-сараң болса, қазір олардың саны тым көбейіп кетті.

Ата-аналардың басым бөлігі, екпелер балаларға кері әсерін тигізеді деген ойда. Оның үстіне Сербиядан әкелінген туберкулезге қарсы вакцинадан кейін көптеген балалардың екпелері асқынып, салдарынан зардап шеккен балаларға ота жасалған. Бұл дау-дамай ата-аналардың жаппай наразылығын тудырды. Қысқасы, екпеден кейін асқынудан үрейленіп отырған халық балаларына вакцинация жасауға асығатын емес.

Дегенмен, ақ халаттылар халық арасында түсіндіру шараларын жалғастыра бермек. Өйткені бұл вакциналар балалар өмірін көптеген қауіпті аурулардан сақтайтыны хақ. Жұртшылық арасында жүрген қауасет пен интернет желісіндегі жалған ақпаратқа сену - бала өміріне қауіп тигізу деген сөз.

Әлия Кәкенова, 1-ші қалалық ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі:

Ата-аналар жалған ақпаратқа көп сенеді. Ертең бала жұқпалы ауруға шалдыққан жағдайда не істейді. Кімнен көреді, кімді кінәлайды. Біреулердің вакцинадан көмек жоқ дегеніне сеніп, үйде отыра беруге болмайды. Ауру асқынып, баланың өміріне қауіп төнген кезде ғана дәрігерге жүгірмей, дер кезінде екпе жасату керек.

Самат ҚАНАҒАТОВ