$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Шымкентте жолаушылар тасымалы мәселесіне жиын болды

AstanaTV
18.09.2014ж. 10:00
1565
Шымкентте жолаушылар тасымалы мәселесіне жиын болды

Шымкентте жолаушы тасымалдау қызметінің сапасына сын көп. Қоғамдық ұйымдардың өкілдері күндіз қоғамдық көліктерді сарыла күтуге тура келетінін, ал кешкі жеті-сегізден соң, тіпті қарасы азаятынын айтып, шағымданды.

Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, көлік компаниясы және жолаушылар тасымалы мамандары бас қосқан жиында сапалы қызмет жайын сөз етті. Қоғамдық көліктердің басым бөлігі ескі, тіпті санитарлық талаптарға сай келмейтіндері де көп. Ал кондукторлардың мәдениеті бір бөлек әңгіме десті арнайы сараптама жасаған ұйым өкілдері.

Көлік және коммуникация секторы 2013-жылы бірнеше көлік компаниясына 1 млн 200 мың теңге шамасында айыппұл салған. Негізінен, кестеден кешігіп жүру, билет бермеу, тасымалды ерте тоқтату сынды бірқатар кемшілік жібергендер жазаланыпты. Тіпті кейбірімен келісім-шартты тоқтатуға дейін барған жағдай бар. Үш компанияның ісі сотта қаралып жатыр. Жалпы, сапалы қызмет үшін қазір автобустарды жаңалаудың өзге жолдары да қаралуда, - деді салаға жауаптылар.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

Қазір автоматты бақылау жүйесіне толық көңіл бөліп, барлығын орнатылып, жұмыстар аяқталған соң қоғамдық көліктер интервалына, жұмысы, сапасы жақсарады деп ойлаймын. Бұдан да жақсы болады деп ойлаймын. Екінші мәселе - экологиялық мәселеге. Дизельдік көліктерді пропан газына ауыстыру. Пропан немесе метан газына ауыстыру.

Өз кезегінде көлік компаниялары да базынасын жайып салды. Оларды қоғамдық көліктегі бір реттік ақы қанағаттандырмайды. Айтуларынша, шығындарын толтыра алмайды. Жанар-жағармай қымбат, қосалқы бөлшектер бағасы шарықтап тұр. Айта кетейік, қазір Шымкенттегі қоғамдық көлікте қатынау құны 50 теңге.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ