Атырау мұнай және газ технологиялық
колледжі директорының тәртіптік жауапкершілігін қарау облыстық білім
басқармасына ұсынылды. Еңбек инспекторлары жүргізілген тексеріс білім ордасында
бірден бірнеше әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
Мысалы, білім ордасында көп жылдан
бері жұмыс істеп келген тәжірибелі мамандармен бір жылдық қана шарт жасалған, ал
мерзімі өткен соң қызметкерлерді жұмыстан босатып жіберу үрдіске айналған. Басшылықтың бұдан өзге де былықтары жетерлік, - дейді еңбек
инспекциясы өкілдері.
Әліпқали Дәулетияров, Атырау облыстық Еңбек инспекциясы
басқармасы басшысының орынбасары:
Еңбек шартын белгісіз мерзімнен белгілі мерзімге көшіру, бұл үлкен қателік
болып саналады. Сондай-ақ, колледж оқытушылары өз мамандықтары сәйкес келмесе
де, сабақ беруді жалғастырған. Қызметкерлермен
еңбек шарттары Еңбек кодексіне толық сәйкес емес. Еңбек стаждары біліктілік
талаптарына сәйкес келмесе де, кей қызметкерлерді лауазымды қызметке тағайындау
дерегі болған. Қызметкер жұмыстан шыққан кезде түкпілікті есеп айырысу
нәтижесінде еңбекақының дер кезінде, әрі толық төленбеу фактілері болғаны
анықталды. Тексеріс қорытындысымен колледж директорын тәртіптік жауапкершілікке
тарту үшін облыстық білім басқармасына хат жібереміз.
Осындай олқылықтарға жол берген
колледж директорына еңбек заңын бұзғаны үшін 5 пен 10 айлық есептік көрсеткіш
көлемінде және колледжге 20 мен 50 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл
салынатын болды. Білім ордасы басшылығының
тексеріс қорытындысына көзқарасын білу мүмкін болмады. Ол тілшілерімізбен
жолығудан бас тартты.
Еске салайық, ұстаздар арасындағы дау
үстіміздегі жылдың наурызынан бері жалғасып келеді. 21 оқытушы директордың үстінен шағымданып, келісім-шарт
бітпестен жұмыстан қуылдық деді. Өз орындарына жас мамандардың қызметке
қабылданғанын айтып, журналистердің назарын аударды. Оқу жылы басында бұл іске
облыс әкімдігі араласып, директордың жұмыста қалатынын ескертіп, ұнамаған
мұғалімдер жұмыстан кететінін айтқан.
Базаркүл ІЗІМОВА