$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Ұлыбританияда Эболаға қарсы вакцина алғаш рет сынама түрде адамға егілді

AstanaTV
18.09.2014ж. 13:00
1503
Ұлыбританияда Эболаға қарсы вакцина алғаш рет сынама түрде адамға егілді

Британдықтар Эболаға қарсы вакцинаны алғаш рет адамға сынап көрді. «ҚазАқпарат» агенттігінің мәлімдеуінше, сынақ сәтті өткен жағдайда жаңа вакцина Батыс Африкаға жөнелтіледі. Сынақ вакцинасын өзіне егуге Оксфордтың 48 жастағы тұрғыны Рут Аткинс келіскен.

«Вирусқа қарсы вакцинаға сынақ жасау керектігі туралы ақпарды мен радиодан естідім. Африкадағы орын алып отырған қазіргі жағдайды ескере отырып, осындай қадамға бардым. Көмек қолын созу - әр адамның борышы деп санаймын», - деді тәжірибеге келіскен тұрғын.

Вакцинация жасалғаннан кейін Рут өзін жақсы, қалыпты сезініп тұрғандығын айтқан. Ал дәрі-дәрмек тестілерін өткізіп жүрген профессор Адриан Хилл, бұндай сынақтардың жануарларға да жасалғандығын айтты. «Бүгінге дейін вакцинаның жанама залалы анықталған жоқ. Бұл себепті дәрі таралымын жолға қоюға болады деген ойдамын», - деді ол.

The Guardian басылымы бүгінде тестілеу жұмыстары аяқталмаған вакцина қолданысқа еніп кеткендігін жазған. Ақпар бойынша, препараттың жаппай өндірісі басталып, 10 мыңға жуық данасы ауруханаларға жөнелтілген.

Жұрағат БАМАН