$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Астанада «Бақытты отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

AstanaTV
18.09.2014ж. 20:00
2812
Астанада «Бақытты отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

Отбасы күніне орай әлеуметтік желілерде жарияланған байқаудың жеңімпаздары белгілі болды. «Нұр Отан» партиясы «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырған акция «Отбасымның тарихы» тақырыбын қамтыды. Қорытындысы бүгін шығарылған ерекше байқауға қатысушылар тарапынан аса белсенділік байқалды. Келіп түскен жүздеген жұмыстың арасынан 60 шығарма іріктелген. Олардың ішінде үздік шыққан азаматтармен арнамыздың тілшілері жүздесіп қайтқан еді.

Орда бұзар отыз жасқа аяқ басқан Ризабек Нүсіпбекұлы Алтайдың арғы бетінде дүниеге келген азамат. Көпбалалы отбасында өскен ол әкенің аялы алақанын сезініп, ана мейіріміне бөленіп ержеткенін тебірене еске алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей сол аяулы жандардан алған тағылымды өз перзенттеріме сыйлау азаматтық борышым дейді.

Ризабек Нүсіпбекұлы, «Отбасымның тарихы» байқауының жеңімпазы:

Балаларымызды қазақылыққа, бауырмалдыққа тәрбиелесек, сол арқылы қоғамда мейірімді адамдар көбейер еді. Адамдар бүкіл адамзатты сүюі үшін өз ата-анасын, бауырын, туысын сыйлап жақсы көрсе, бұл сезім бүкіл халыққа деген махаббатқа ұласады. Осы арқылы қоғамда бауырмалдық қасиеттер көбейеді.

«Отбасымыздың қорғаны - әкеміз Нүсіпбек Бегасылұлы рухы биік еңселі кісі. Өмір ерте есейтіп іні-қарындастарына бас болып, бір-бір шаңыраққа айналдырған. Анам Зәбила Қибатқызы - мен үшін әлемдегі ең мейрімді жан. Әулетіміздің ұйтқысы, жылуы, берекесі әдемі әлдиімен, мағыналы ертегілерімен өмірдің мәнін санамызға сіңірді, жақсы жаманын ұғындырды. Адамдарды сүюге, мейірімді болуға шақырды». Отбасы туралы толғанған Ризабектің жүрегін жарып шыққан жолдар осылай сөйлейді. Алты бала ер жеттік. Бүгінде әрбіріміздің отбасымыз бар. Бірақ күйбең тіршілікке еріп бауырларды ұмыту деген бізде жоқ әрдайым сағына қауышамыз дейді кейіпкеріміз. Осы ретте отбасы деген құндылықты құрметтеген «Нұр Отанға» да шексіз ризашылығын білдіре кетті.

Hизабек Нүсіпбекұлы, «Отбасымның тарихы» байқауының жеңімпазы:

Бұл - жастарға берері мол жоба. Әр отбасының құндылықтарын сақтауда маңызы ерекше.Осы орайда мұндай жобаны қолға алып ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясына алғыс айтамын.

Келесі кейіпкеріміз - оралдық Гордей Тришенков. 26 жастағы азаматтың екі қолы мен екі аяғы кемтар. Бірақ ол ешқашан мойыған емес. Керісінше, өнерін шыңдауға тырысады. Ән шығарады, поэзияға да жаны жақын. Компьютерді жетік меңгерген Гордей жергілікті басылымда жұмыс істейді. Айтуынша, жарымен де әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ал осыдан екі апта бұрын Трищенковтер шаңырағында сәби өмірге келді.

Гордей Трищенков, «Отбасымның тарихы» байқауының жеңімпазы:

Жұмыстан қолым босағанда қала мен табиғат көріністерін фотоға түсіргенді жаным сүйеді. Кітап оқып тұрамын. Менің ұстанымым - өмірді сол күйінде сүйе білу керек, оның әр сәтінен ләззат ала білу керек.

Байқаудың басты мақсаты - отбасы институтын нығайтып, әулет құндылықтарын насихаттау. Үш аптаға созылған шығармашылық байқауға жүздеген азамат қатысты Түрлі мамандық иелері, жас ерекшеліктері де әрқилы жандарды тоғыстырған Отбасы тақырыбы. Олар Facebook, VKontakte, Instagram, желілерінде естеліктер жазып, фотоларын жариялады. Енді «жүзден жүйрік» атанған авторлардың дүниелері «Нұр Отан» партиясының сайтынан орын таппақ.

Базаркүл ОТЫНШИЕВА