Алматыдағы дәмханалардың бірінде болған газ
балонының жарылысынан жарақат алғандардың көпшілігіне ем-дом жасалып, үйлеріне
қайтарылды. Қазір ауруханада тек үш адам емделіп жатыр. Ал жарылыс
себептері әлі анықталу үстінде. Дәмханада қауіпсіздік шаралары сақталды ма, жоқ
па - ол арнайы комиссия тексерісінен соң белгілі болады. Еске салайық, жарылыс
кеше кешкісін болды. Қатты дүмпуден кейін 18 адам дәрігер көмегіне жүгінді.
45 жастағы Айнагүлдың осы дәмханаға ыдыс жуушы
болып жұмысқа тұрғанына 2 ай болыпты. Ол соңғы екі күнде газдың иісі
қатты сезілгенін айтады. Газ қызметінің мамандары келіп, балон шлангасын
ауыстыру жөнінде қатаң ескертіп кетіпті. Бірақ ол ескертуді дәмхана
қызметкерлері құлағына да қыстырмаған.
Айнагүл, жапа шегуші:
Басында
барлығымыз іште жүргенбіз. Кенеттен газдың иісі қатты шықты. Бір рет
далаға шықтық. Одан соң дәмхана қызметкелері қайтадан ішке кіруімізді сұрады.
Өз ыдыс жуатын бөлмеме кіріп ыдыс жуып жатқан кезде дүрс ете қалған
дауысты естідім! Солай!
Оқыс оқиға Мақатаев пен Зенков көшелерінің
қиылысында орналасқан «Керемет» дәмханасында, кешкі сағат 10 шамасында болды. Ең
бастысы - адам шығыны жоқ. Зардап шеккен 18 адамның үшеуі қалалық ауруханада
жатқызылды. Екеуінің жарақаты жеңіл - дейді емдеуші дәрігер.
Айбек Хамитжанов, травматолог:
Үшінші
емделушіміздің бас сүйегі зақымданып,миы шайқалған. Ешқандай операця
жасалмайды. Тек қана амбулатуралық ем-дом жүргізіледі.
Абырой болғанда, газ балоны қонақтар мен
қызметкерлер сыртқа беттегенде жарылыпты. Әйтпесе - зардап шегушілердің
саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Қазір осы оқыс оқиғаға байланысты тергеу
амалдары жүргізіліп жатыр. 50 шаршы метрді қамтыған жарылыс салдарынан
жанындағы бизнес -орталықтың ғимараты да зардап шеккен.
Олег Мессершмидт, Алматы қалалық өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары:
Бірінші
қабаттың батыс қанатында орналасқан бизнес-орталық бүлінді. Терезесі
сынып, ішкі қабырғалары құлады.
Медеу аудандық Ішкі Істер басқармасы қызметкерлері
оқиғаның себеп-салдарын тексеруге шұғыл кірісті. Егер, дәмхана
қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігін сақтамағаны анықталса - заң алдында жауап
береді.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:
Газ баллонның салдарынан
болған. Алайда қалай болғанын анықтайтын боламыз.
Соңғы жылдары Алматы қаласында газ балонын
тұтынатын дәмханалар көбейіп келеді. Бірақ тиісті орындар қауіпсіздік
ережелерін сақтау туралы ескертудей-ақ ескертіп келеміз деді. Дегенмен, осындай
оқыс оқиғадан соң салғырттыққа салдары әшкере болып жатады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ