Ресейге қарсы санкциялар енгізу -
дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі принциптеріне қайшы. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік
кеңес отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдердің тауар және
қызмет нарығына кіруінің шартты мүмкіндіктері шектеліп, саудадағы еркін әрі
әділ бәсекелестік принциптері бұзылуда. Ал осы
арада Ресейге қатысты кезекті санкцияларды Жапония да енгізбек. Әңгіме Қырым
кампаниясына қатысы бар тұлғалар турасында болып отыр. Оларға Жапонияға кіруге
шектеулер қойылуда.
Сондай-ақ, аталмыш тұлғалардың
есепшоттары бұғатталмақ. Бұған қоса, жапон үкіметі Еуропалық одақ пен АҚШ-тың
ізінше Ресейге қарсы энергетикалық және қаржы секторларындағы санкцияларды да
еселей түспек.
Еске салайық, Жапония алғашқы
санкцияларды 18-наурызда іске асырды. Ал Еуропалық одақ пен АҚШ Ресейдің ұзақ
мерзімді несиелерге қолжетімділігін шектеп, елдің ірі банктері мен «Роснефть», «Газпром»
және осы секілді басқа компанияларына санкциялар қолданған болатын.
Жұрағат БАМАН