$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысы жария болды

AstanaTV
19.09.2014ж. 20:00
1822
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысы жария болды

Бүгін Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысы жария болды. Республикадағы ең мерейлі отбасы атағын алуға әр аймақтан 16 отбасы таласты. Олардың барлығы да облыстық іріктеуден суырылып шыққандар. Яғни, қызметтерінде абыройлы, мықты маман болса, үйлерінде жылулық пен бірлік кетпеген отбасылар. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев «Отбасының бірлігі - Отанның бірлігі» деді. Тоғжан Жалғасбекқызы тарқатады.

Бұл - Әлібековтер жанұясы. Қызылорда облысында өткен «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарып шыққан. Салтанатты рәсімнің алдында сәл қобалжып тұр. 18-19 жастарында теміржол вокзалында танысқан жұптың бүгінде 7 баласы бар. Ең қызығы, оның екеуі егіз болса, артынша дүниеге үшем келген. Мейрамбек Әлібеков мұнай саласында, ал жары мұғалім болып қызмет атқарады. Үйдің ұйытқысы Лаура Шохашева мерейлі отбасының сыры- төзімділікте десе, отағасы Мейрамбек - «20 жылдың ішінде жарымнан еш жалыққан емеспін. Сезіміміз жыл өткен сайын берік», - дейді.

Мейрамбек Әлібеков, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысушы:

Біз бір команда сияқтымыз. Мынау әйел адамның, мынау ер адамның жұмысы деп бөліспейміз. Барлығымыз кез-келген жұмыста бір-бірімізге көмектесе береміз. Біздің семьямыздың беріктігі осында деп ойлаймын. Біздің сезіміміз жыл санап артып келе жатқан сияқты. Өйткені, отбасында баланың саны көбейген сайын, адамдардың бір -біріне деген сүйіспеншілігі, жауапкершілігі арта түседі.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Президенттің өзі қатысты. Ел басшысы Қазақстанда әр 90 секунд сайын бір сәби дүниеге келетінін айтты. Демография жетістіктерінен кейін, жетім бала мен жесір әйелдің, қараусыз қалған қарттардың күйіне жеке тоқталды. Президент ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақтың, баласынан жеритін көкек ананың халқымызда ешқашан болмағындығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қымбатты Отандастарым! «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ - ең мерейлі ұрпақ. Шаңырақтағы жарастық-тек қана сыйластық пен татулық арқылы орнайды. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау- әрбір адамның қасиетті борышы емес пе!

Сондай-ақ, Елбасы Президент әкімшілігі мен Үкіметке 2015-2020 жылдарға арналған, отбасылық қатынастарды нығайту шараларының жалпыұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Және де отбасыларда патронатты тәрбие беруді кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайту керек,-деді. Мемлекет басшысының сөзінен соң, «Мерейлі отбасы» байқауы жеңімпазының есімі жарияланды. Финалға шыққан отбасылар ішінде теміржолшы, альпинист, мұғалім мен дәрігер, өрт сөндіруші мен энергетиктер отбасы болды. Алайда, бас жүлде - Оңтүстік Қазақстан облысынан келген көп балалы отбасына бұйырды.

Елтай Бимаханбетов, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы:

83 жасқа келгенде осындай жарысқа қатысып, сіздің қолыңыздан сый-сыяпат алу-маған үлкен қуаныш, үлкен бақыт. Енді, алдағы уақытта еліміздегі әрбір отбасы Отанымызды шын сүйетін ұл мен қыз тәрбиелеп, біздің жолымыздың жұғысты болуын тілеймін.

Байқау жеңімпазы Бимаханбетовтер отбасына Елбасы шағын автобустың кілтін табыстады.

Ал, салтанатты рәсім соңы отандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Айтпақшы, біздің елде тұңғыш ұйымдастырылған отбасылық жарыстың қалған финалистері де жеңіл көліктерге ие болды.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ