Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×
Біз біргеміз

Алматылық жолаушылар бүгін «Оңай» төлем жүйесімен жолақы төлей алмай әбігерге түсті

AstanaTV
11.01.2016ж. 20:00
2222
Алматылық жолаушылар бүгін «Оңай» төлем жүйесімен жолақы төлей алмай әбігерге түсті

«Оңай» жүйесінің атына заты сай болмай тұр. Бұған алматылықтардың жаңа төлем жүйесіне қосылуға мүлде дайын еместігі дәлел. Жергілікті билік қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол ақшамен төлеу 11 қаңтардан бастап алынып тасталады, орнына тек электронды төлем жүйесі енгізіледі деп шешім шығарған. Бірақ электронды жүйеге көшу, шенеуніктер жоспарлағандай, жылдам жүзеге аса қоятын түрі жоқ.

«Оңай» төлем картасын толтырған алматылық тұрғындар бүгін оны кәдеге жарата алмай әбігерге түсті. Нөмірі 25-ші автобустың ішіне орнатылған электронды құрылғы істен шыққан. Осының салдарынан Ізмайра Мұқанова жолақыны жүргізушіге қолма-қол төлеуге мәжбүр болды.

Ізмайра Мұқанова:

Мінгенім қазір, бірақ істемегеннен кейін шоферға қолма қол төледім 80 теңгені. Соны шешіп берсе, екі төлегеннен бір төлеген ыңғайлы бізге.

Жергілікті атқамінерлердің талабы бойынша, жол ақысын қабылдайтын электронды құрылғы істен шыққан жағдайда, жолаушылар тегін жүруі тиіс. Бірақ нөмірі 18-ші автобустағы жолаушылардың тең жартысы жолақы төлеуге міндеттелген.

Талғат Керімбеков, №18 автобустың жүргізушісі: 

Бірде істейді, бірде істемей тұр ғой. Карточкамен төлегендер 120 адам болды, ал былай 60 адам наличка болды.

Олжас Қырқабақов, №18 автобустың жүргізушісІ:

Істемей қалса, біздер бір айналым жоғалтамыз. Айналым жоғалса, біздің жалақымыздан кеседі. Бұрынғы валидаторымыз дұрыс секілді. Ақшамен дұрыс. Терминал істемесе, тегін тасып жүре бересің.

Кейбір автобустардағы мынадай хабарламаны да көзіміз шалды. Онда «құрылғы істен шыққан жағдайда, қолма қол ақша төлеңдер» деген әкімшіліктің ескертуі жазылған. Бірақ «Көлік холдингінің» өкілдері мұны оңай олжаға үйренген әккі жүргізушілердің қарекеті деп түсіндірді. 

Рифат Әбдіраманов, Алматы қаласы «Көлік холдингі» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі:

Біз ешқандай хабарлама таратқан жоқпыз. Тәртіп бойынша аппарат жұмыс істемей қалған жағдайда, ол жөнделгенше, жолаушылар тегін жүруі керек. Бұл автопарктердің өз пайдасы үшін көтерген бастамасы. Жасыратыны жоқ, бізде проблемалы тасымал компаниялары бар. Мысалы, «Тұлпар ЦДС». Жаңағы айтып отырған №25,65,119 бағыттар осыларға қарайды. Біз оларға қатаң шараларды қолға аламыз. Тағы бір айта кетерлігі, жүргізушілерге 200 мың теңге жалақы беруді қарастырудамыз. Сонда олар күнделікті жоспар орындаймыз деп жанталаспайтын болады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Алматы қаласы «Көлік холдингінің» өкілдері бастапқыда «Оңай» төлем картасын қаланың кез-келген дүңгіршегінен алуға болады деп сендірген еді. Алайда, халық пікірінше, бүгінде аялдама маңындағы дүңгіршектерден «Оңай» картасын табудың өзі оңайға соқпай тұр. Көз жеткізу үшін қазір сұрап көрейік. Сәлеметсіз бе! Апай, «Оңай» картасын сатып алуға болады ма?

Сатушы:

Қазір жоқ, бүгін заказ бергенбіз, әкелетін шығар...

Айгүл Ермахан, тілші: 

Демек, тұрғындар төлем карталарына қол жеткізгенше, басқа көлік түрлерімен қатынауға мәжбүр.

«Көлік холдингі» серіктестігі өкілдері, мәселе көп ұзамай шешімін табады, дейді. Олар 18 қаңтардан бастап арнайы рейдке шығуды жоспарлап отыр. Егер жолаушылар билетсіз жүрсе, екі айлық есепті  көрсеткіш, яғни 4 242 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Жолаушыларды билетсіз алып жүрген жүргізушілер де жазасыз қалмайды. Әкімшілік Құқық бұзушылық кодексінің 623 бабы 9 тармағына сәйкес оларға да қомақты айыппұл салынады. 

Айгүл ЕРМАХАН