$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Қостанайда 53 адамның стафилококктан уланғаны анықталды

AstanaTV
22.09.2014ж. 20:00
1239
Қостанайда 53 адамның стафилококктан уланғаны анықталды

53 адамның улануына стафилококк пен ішек таяқшасы себеп болған. Қостанай облысы Ұзынкөл ауданындағы мектеп асханасында орын алған оқыс жағдайға қатысты бүгін облыстағы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті осындай мәлімет таратты. Арнайы зертханалық сараптама қорытындысы осыны көрсеткен.

Құзырлы ведомствоның өкілі Сәуле Бәйменованың хабарлауынша, сараптама мектеп асханасында санитарлық талаптардың сақталмағанын көрсетті. Онда патогендік бактериялардың түрлері, соның ішінде, стафилококк пен ішек таяқшасы анықталған.

Естеріңізге салайық, 16 қыркүйек күні Ұзынкөл аудандық орта мектептің асханасында тамақтанған 53 бала астан ұшынып, ауруханаға жатқызылған. Қазіргі таңда сырқат балғындар мен 6 ересек адам айығып, үйіне шығарылды. Бұл факті бойынша департамент тарапынан бас прокуратураға ұсыныс-хат жолданған. Құзырлы орган келісім берсе мектеп асханасында санитарлық талаптарды сақтамаған жеке кәсіпкердің қызметі кезектен тыс тексерілмек. 


Сәуле Бәйменова, Қостанай облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары:

4 түрлі дайын тамақ тексерілді. Соның ішінде екеуінде стафилококк ауруы анықталды. Ол макарон-рожки пісірілген. Сонымен қатар, осы дайын тамақтың үстіне құйылған тұздықтан да анықталды. Сондай-ақ, 40 шайындыны зертханалық тексеруге алған болатынбыз. Соның сегізінде ішек таяқшасының бактериялық тобы анықталды. Осының бәрі мектеп асханасында табылды.

Заңғар САНАЙ