$531.96 €622.45 ₽6.79
×

Теміртау қаласында жанармай тапшылығынан автобустар бағытқа шықпай қалған

AstanaTV
22.09.2014ж. 20:00
1237
Теміртау қаласында жанармай тапшылығынан автобустар бағытқа шықпай қалған

Теміртау қаласында да көлік қозғалысы тоқырады. Кеншілер шаһарында АИ-80 маркалы бензин жоқ болып кетті. Осы себепті қоғамдық көліктердің бірсыпырасы жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Жанармай тапшылығының қиындығын теміртаулықтар демалыс күндері сезінді. Қалалық бағыттарда қатынайтын нөмірі 3-ші және 15-ші автобустар жұмысқа шықпай қалды. Қоғамдық көлік қаңтарылып, жүргізушілер талон іздеп әуре болып жүргенде, «Ескі қала» ауданының тұрғындары орталыққа жете алмай қиналды.

Бүгін жағдай әкімдіктің араласуымен ғана түзелгендей болды. Жанар-жағармай құю бекеттерінде 3-4 күнге жетер-жетпес 5 тоннадай бензин табылған. Бұл қор таусылған соң не болары белгісіз. Қала билігі қазір сұйық отын сатып алу жөнінде ірі компаниялармен келіссөздер жүргізуде.

Алтынбек Есмырзаев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

Біз қазір «ҚазМұнайГаз»-бен бензин алу жөнінде келісіп жатырмыз. Қоғамдық көліктер жүріп жатыр, жүре береді де.

Айта кетерлігі, шаһардағы жолаушы тасымалдаумен айналысатын 8 кәсіпорын алдын ала талондар сатып алып, жұмысты үзбей жүргізген. Ал 3 және 15-ші автобустар бағыты қолма-қол төлем жүйесі бойынша жұмыс істегендіктен тапшылыққа тап болған. Даудың соңы тасымалдаушы компаниялардың тарифті көтеруді талап етуімен тынды. АИ-80 маркалы бензинінің бағасы болса, шарықтап тұр.

Андрей Смирнов, Теміртау қаласы автопаркінің жүргізушісі:

Әрі қарай не болатынын білмейміз. Бізге ештеңені ашып айтпайды. Әзірге литрі 105 теңгеден талон таптық.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ