$529.44 €617.06 ₽6.76
×

«Байтерек» Холдингінің биылғы жарты жылдық таза пайдасы 12 млрд теңгеге жақындаған

AstanaTV
22.09.2014ж. 20:00
2713
«Байтерек» Холдингінің биылғы жарты жылдық таза пайдасы 12 млрд теңгеге жақындаған

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Қарағанды мен Оңтүстік Қазақстанда тұралап қалған зауыттарға демеу көрсетіп, қазан айында қайта іске қоспақ. Бұл туралы холдинг басшысы Қуандық Бишімбаев компания жұмысы қорытындыланған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Холдингтің биылғы жарты жылдық таза пайдасы 12 млрд теңгеге жақындаған. Ал активтері 400 млрд теңгеден асты. Сөйтіп «Бәйтерекке» кіретін институттар мен компаниялардың ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі арта түсті.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі өзінің және еншілес компанияларының жұмысы ашық екенін көрсетті. Журналистерді жинап, сұрақтарға жауап берді. Холдингтің атқарған жұмысы айтарлықтай. Мәселен, 2013-жыл қорытындысы бойынша таза пайда 30 млрд теңгені құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Ал жарты жылдықтағы таза пайда 11,8 млрд теңге. «Бәйтерек» Холдингі мемлекет активтерін қайтарып, кезінде тұралап қалған өндірістерге жан бітіріп, қазынаға айтарлықтай үлес қосып отыр.

Қуандық Бішімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

Былтыр 1 млрд теңгеге жуық активтер даму банкінен инвестициялық қорға берілді. Бір жыл ішінде 2013-2014-жылдары инвестициялық қор сот арқылы басқа да механизмдер арқылы мемлекетке 15 млрд тенгеге жуық активтерді қайтарып берді. Оның ішінде ақша да бар, зауыттар да бар. Енді құрылған зауыттар босқа тұрмай біз инвестқордың алдында сол мақсатты қойдық жаңа инвесторлар тауып соларды жобаларға тартып жаңа шарттарға қол қойып, соған жаңа жұмыс орындары ашылсын деп, сол 14 жылдың 6 айдың ішінде 2 сондай зауытты қайтадан іске қостық. Қазір өнімі экспортқа да шығып жатыр.

Қазан айының алғашқы жартысында кезінде ашылуынан жабылу тез болған Қарағандыдағы «Силициум Қазақстан» кремний зауытына жан бітпек. Өндіріс ошағын холдинг «Тау-кен Самұрық» компаниясымен бірлесіп, қайтадан іске қосуды көздеп отыр. Меже - жыл соңына дейін 1 мың тонна кремний алу және Оңтүстік Қазақстанда 2009-10-жылдардан бері қаңтарылып тұрған тоқыма текстиль шығаратын зауытқа да инвесторлар табылып, қазан айының соңына дейін өндірісі жанданады. Холдингтің еншілес компаниялары да жұмысын жетілдіріп жатыр. Айталық, "Даму" қоры жас кәсіпкерлерді қолдауға ден қойса, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасының шарттарын жеңілдетті.

Айбатыр Жұмағұлов, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы:

Бағдарлама аясында пул құру рәсімдері жеңілдетілді. Өтініш беру комиссиясы жойылды. Төлем қабілетін растауға және кредит өтімдерін рәсімдеуге қатысты клиенттер толтыратын құжаттар саны қысқартылды. Табысты растау ережесі өзгертілді. Енді жұмыс орындарын аустырған кісілер табыстарын 6 айлық жалақысымен емес, 3 айлық жалақысымен де рәсімдей алады. Жас отбасына арналған тұрғын үй бағдарламасына қатысушы жастарға ерекше назар аударылды. Енді ай сайын жинақтау жарналарын бұзбай төлейтін болса, онда төлем қабілеттілігін растаудың қажеті жоқ.

Ләззат Ибрагимова, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы:

Биыл сәуірдің 17-де кәсіпкерлерге 100 млрд теңгені 6 пайыздық жылдық үстемақымен берудің жаңа бағытын жетілдіріп шығардық және қазан айының 17 дейін 13 банк ол қаржыны игереді. Бұл тек қана биылғы жылдың жетісітігі емес, соңғы 5 жылдың жемісі. Жас кәсіпкерлерге көңіл бөліп жатырмыз. Жас кәсіпкерлік мектебі жобасы ашылды. Енді 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкер салалық шектеусіз қордан кепілдік алатын болады.

Холдинг тек бір жыл ішінде мемлекетке 15 млрд теңгені қайтарған. Ал жыл соңына дейін тағы 10 млрд теңгені қайтармақ жоспары бар. Яғни, бағыт сол - тұралап қалған өндірістерге жан бітіріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың өсімін арттыру.

Айгүл ӘДЕПБАЙ