$529.44 €617.06 ₽6.76
×

«Мерейлі отбасы» сайысының жеңімпазы - Бимаханбетовтер отбасын бүгін ОҚО-ның әкімі арнайы қабылдады

AstanaTV
22.09.2014ж. 20:00
2119
«Мерейлі отбасы» сайысының жеңімпазы - Бимаханбетовтер отбасын бүгін ОҚО-ның әкімі арнайы қабылдады

«Мерейлі отбасы» сайысының жеңімпазы - Бимаханбетовтер отбасын бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қабылдады. Мұндай құрмет республикалық ұлттық байқауда жүлделі орыннан көрінген отбасылардың барлығына да көрсетілді. Ел мерейін асырған үлгілі шаңырақтарды кернеген шаттық туралы келесі сюжетте.

Елтай ақсақал әкімнің қабылдауына немере-шөберелерін ерте келіпті. Сегіз баласынан 33 немере мен 15 шөбере сүйген бақытты қария бұл жетістік барша Оңтүстік Қазақстан облысының жеңісі екеніне тоқталды. Ол облыс әкіміне өзінің кітабын табыстады. Ал өңір басшысы үлкен әулеттің егесіне «Лада-Приора» автокөлігін сыйлады.

Мемлекет басшысының қолынан отандық микроавтобустың кілтін алып қайтқан Бимаханбетовтер, осылайша, облыстан ресей тұлпарын иеленді.

Сәндібековтер отбасы да Оралға мерейі тасып оралды. Ауылдағы мәдениет үйінің жетекшісі Нұрболат жұбайы Гүлимен бірге отбасылық ансамбль құрып, бес балапанын өнерге баулып келеді. Әріп пен нотаны қатар таныған бүлдіршіндер кез келген аспапта еркін ойнайды, ән шырқайды.

Гүли Сәндібекова:

Армандайтын едік, біздер сондай Өктем Алтаев, Дәрібаевтар сияқты болса екен деп. Енді кеше Елбасының қолынан алып, марапат алып, балаларымыздың басынан сипап, Қай ауданнан келдің, қай облыстан келдің деп аттарын сұрап, сөйтіп бастарынан сипағанда біз сол дәрежеге жеткенімізге қуандық.

Өнері мен өмірін бірге өрнектеген Сәндібековтердің отбасылық ансамблі облыстық, аудандық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Президенттің өзі тарту еткен жүрдек «Нива»-мен өнерлі отбасы бүгін ауылына аттанды.

Мерейлі отбасының тағы бір иесі - алматылық Тұяқ Есхожинаның ісі көпке үлгі. 1998-жылы сауапты істі қолға алған ол жұбайымен бірге "Нұр" балалар үйін ашты. Отбасылық үлгідегі балалар үйінде бүгінге дейін үш жүзден астам сәби тәрбиеленді. Қазір 73 жеткіншек бар. Шаңырақ иесі айрандай ұйыған отбасы сырының басты құпиясы татулықта деп біледі.

Тұяқ Есхожина:

Балалар көшеде қаңғырып қалмасын деймін. Шетелге шықпасын деймін. Еліміздің саны көбейіп, тәрбиелі отбасы босын деймін. Менің міндетім сол. Мен балалармызға 5 жасқа дейін ұрыспаймын. бұрышқа тұрғызбаймын. Жаксы осы деп айпаймын. Жақсы оқысан әперем деп әуес етпеймін қызықтырмаймын анау-мынауға.

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында мыңдаған үміткердің арасынан озық шыққан 15 отбасы бағын сынаған еді. Әулет құндылықтарын дәріптеген бұл сайыс енді дәстүрге айналмақ.

Еркін КАРИН