$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ақтөбеде 90 сәби балабақшаға кезексіз қабылданған

AstanaTV
23.09.2014ж. 20:00
1631
Ақтөбеде 90 сәби балабақшаға кезексіз қабылданған

Ақтөбеде 90 сәби балабақшаға кезексіз қабылданған. Прокуратура мектепке дейінгі мекемеде осынша бүлдіршіннің есепте жоқ екенін анықтады. Ал, білім саласының шенеуніктері санақта жоқ сәбилердің балабақшаға қалай қабылданғанынан бейхабар. Бөбектер үйіндегі бүліктің жай жапсарын тілшіміз Мансұр Есқожин анықтауға тырысты.

«Арман» мектепке дейінгі мекемесі шаһардағы беделді балабақшалардың бірі. «Гимназия» деген дардай аты да бар. Балаларын осында беруді әрбір ата-ана армандайды. Бірақ, мекеме 300-ге жуық бүлдіршінді ғана қабылдауға қауқарлы. Прокурорлардың тексеруі, мұнда есептен тыс 90 бүлдіршіннің келіп жүргенін анықтаған. Олардың ата анасы жолдама алуды қажет деп санамаған көрінеді.

Маратбек Мырзамұратов, Ақтөбе облыстық прокуратурасы 1-басқармасының бастығы:

Бұл фактілер бойынша біздер ұсыныс енгізіп, бұл балабақшалардың меңгерушілерін жұмыстан алу жөнінде ұсыныс енгізген болатынбыз. Осыған ұқсас фактілер тағы да басқа аудандарда анықталған болатын. Атап айтатын болсақ, тек қана Хромтау ауданында 42 осындай факт тиісті жолдамасыз балалар осындай бала бақшаға барып жүрген.

Құзырлы органның деректері білім саласын басқаратын шенеуніктердің де төбесінен жай түсіргендей болды. Мұндайды бірінші рет естіп отырғанын айтқан қалалық білім бөлімі басшысы Ләззат ОРАЗБАЕВА ата-аналардың бөбектерін беделді балабақшаға орналастыру жолында шенеуніктерді елемегенін түсіне алмай дал.

Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы:

Бұл кісілер біздер жаңағы мекеменің басшысымен, яғни, мектепке дейінгі ұйымның басшысымен келісе отырып, балаларымызды мекемеге алып келіп жүрдік, деді.

Ақтөбеліктер балабақшаға кірудің жолын жақсы меңгерген. Оны біздің сауалнамамыз да дәлелдеп берді. Ата-аналар «бәрін ақша шешеді» дегенді ашық айтты.

Енді қазір жастардың бәрі жұмыс жасағылары келеді. Очередь болады. Очередь күткенше өсіп кетеді. Сосын амал жоқ сондай қадамға барады. 80 мыңдай береді ғой. 80 мың - 60 мың.

Әрине жұмыс жасау керек. Сондықтан, балабақшаның қажеттігі туындайды. Қолдары тимегендіктен, құрбым 2 баласын мектепке дейінгі мекемеге орналастыру үшін 60 немесе 80 мың теңге бердім деді.

Тексерістен соң «Арман» мектепке дейінгі мекемесіне жаңа басшы келген. Білім бөлімінің мәліметінше, қазір Ақтөбеде 27 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Биыл оның 5 мыңға жуығы көптен күткен жолдамаға қол жеткізді. Бүлдіршіндердің барлығын орынмен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан, мұндай заңбұзушылықтар әлі де анықталуы мүмкін, - дейді прокуратура өкілдері.

Мансұр ЕСҚОЖИН