Тәртіп сақшылары Айдана Досқалиеваны
өлтірді деген күдікпен бір адамды қамауға алғанын Батыс Қазақстан облыстық ІІД
өкілдері растады.
Құзырлы орын деректеріне сүйенсек,
жасы қырықтар шамасындағы күдіктінің, тіпті отбасы да бар. Үш
баласы мектеп жасында. Осыған дейін ол бес рет сотталған, 8 жылын түрмеде өткізіп, кейін ағасының көлігімен жолаушы тасымалымен айналысқан.
Тергеу басқармасы таратқан ақпаратта,
күдікті Айдананы жолай көлігіне отырғызып, сырт көзден таса жерге апарғаны
айтылады. Сол жерде қызды зорлап, кейін қылғындырып өлтірген. Денені су түбіне жасырып, ол
біраз уақыт Астана қаласында бой тасалаған, - деді Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Мағауия Құрмашев. Кейін шу басылды деген уақытта Оралға қайтқан. Осы
кезде оны полиция қолға түсіріпті. Күдікті өз кінәсін мойындамағанымен, көлігінен жәбірленушінің бірнеше тал шашы табылыпты. Сұрастырылған куәгерлердің сөздерін сараптаған полиция, көлікте болған екінші адам жолаушы деген тоқтамға келіп отыр. Қазір ол да іздестіріліп жатыр.
Мағауия Құрмашев, Батыс Қазақстан облысы ІІД Тергеу
басқармасы басшысының орынбасары:
Ол адамның бұл қылмысқа қатынасы бар екендігін куәлардың көрсетуімен
дәлелденіп отыр. Бүгінгі күнде сот бізге ол кісіні қамауға алуға толық мүмкіншілік бар деп, тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынды. Тергеу барысы әрі қарай жүргізілуде. Керекті, қажетті
сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесін алғаннан кейін тез арада қылмыстық
іс сотқа жолданады деп ойлаймын.
Айта кетелік, оралдық Айдана
Досқалиева 13-ші тамызда жоғалған еді. 25 жастағы марқұм Щапов ауылынан облыс
орталығына күнделікті қатынап жұмыс істеген. Соңғы рет Айдананы ауыл маңынан,
ақ түсті «Жигули» көлігі ішінен інісі көрген болатын. Содан бері жоғалған қыздан еш хабар болмады. Тек
20-қыркүйекте қыздың денесін ауыл маңындағы өзеннен жергілікті тұрғындар
тапқан. Үш күннен соң туғандары оның денесін жер қойнауына тапсырды.
Еркін ҚАРИН