Ұлттық гвардия әскерлері Ұлттық
қауіпсіздік комитеті бөлімшелеріне кез келген уақытта көмек көрсетуге әзір. Бұл
туралы сенаторлармен кездесуде Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысы Руслан
Жақсылықов мәлімдеді.
Генерал-лейтенанттың айтуынша, «Ұлттық
гвардия туралы» заң жобасы әзірленген. Ол қазір Президент әкімшілігі мен үкіметте
қарастырылуда. Құжатта әскери саланы кеңейту туралы ұсыныстар бар.
Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан
Назарбаев осы жылдың 21-сәуірінде Қазақстан Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерін Ұлттық гвардия етіп қайта жасақтау туралы жарлыққа қол қойған. Аталмыш шара барысында
жаңа заң жобасы қабылданған-ды.
Руслан Жақсылықов, ҚР Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысы:
Жаңа заң жобасында әскерді түрлі салаларда қолдану
мәселесі көтерілген. Мысалы, Ұлттық
қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне мемлекеттік шекараны қорғау ісінде
қолғабыс болу секілді. Бүгінде Ұлттық гвардия
бөлімшелері облыс орталықтары және республикалық маңызды қалаларда орналасқан.
Бұл біздің әскерлердің кез келген жағдайда көмекке келе алатындығын білдіреді.
Қазір Ұлттық гвардияның алдында
жаңа міндеттер тұр. Ол қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу,
антитеррористік операцияларға қатысу және түрлі апаттардың салдарын жоюмен айналысады.
Бұған қоса, Ұлттық гвардияға маусым айынан бастап мұнай-кен орындарын қорғау
ісі жүктелген. Бүгін сенаторларға қару-жарақтар мен техника үлгілері
көрсетілді. Жоғары дәлдік қасиеттері бар автомат, мылтық, пулеметтер мен
бронетранспортерлер таныстырылды. Алайда арнайы әскери техниканың наразылық
шаралары, не жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қалай қолданылатыны белгісіз.
Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Өздерінің мынау қойған міндеттерін орындауға дайын. Бар проблемаларын біліп отыр. Сондықтан, мынау қаражат жағынан бүгінгі күні, өкінішке орай, жетпей отыр қаражат. Өйткені, мынау байланыс жағы болсын, техника жағы болсын,
сосын мынау әлеуметтік жағы болсын, ол жағын біз қарастырып, қолымыздан
келгенше үкімет арқылы көмектесемізбе деген ойдамыз.
Жұрағат БАМАН