$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Шымкентте баласына керек болмай қалған қарттар көбейді

AstanaTV
24.09.2014ж. 20:00
2400
Шымкентте баласына керек болмай қалған қарттар көбейді

Перзенттеріне керек болмай, далада қалған қариялар қатарының көбейіп бара жатқаны қабырғаны қайыстырады. Бұл мәселені жуырда Мемлекет басшысының өзі көтерген болатын. Өкінішке орай, ел аумағындағы қарттар үйін паналаған жандардың қатары жеті мыңға жетіпті. Олардың басым бөлігін бауыр еті - балалары әкеп тапсырған. Немерелердің ортасында отырар шақта мемлекет қамқорлығына зәру болып қалған қамкөңіл қарттар жайлы Айзада Төребекқызының материалында.

Белқожа Қамалданов 11 жылдан бері Алматыдағы қарттар үйін паналап келеді. Кемпірінен айрылғасын үйелмелі-сүйелмелі алты бала мен келіндерге симадым, - дейді өзі. Өкпесі қабынған қартты келіні «туберкулез» деп бөлектеген көрінеді.

Бұл жерге қай жетіскен адам келеді. Жағдайы болмағасын келеді адам. Бұдан артық жақсы жер жоқ. Үйде мынадай жағдай жоқ.

Ал шымкенттік Өмірәлі Бектасұлы қарттар үйінен пана тауып қана қоймай, бір басын екеу етіп отыр. Салулы төсек, ыстық шай қамкөңіл жандардың ауыр күндерін сәл де болса ұмыттырғандай. 74 жастағы ақсақалдың кемпірі осыдан 14 жыл бұрын көз жұмыпты.

Өмірәлі Бектасұлы:

Қыздар да, балдар да келмейді. Жалғыз Кентаудағы ақшасы түссе жетіп кеп тұрады. Папа қалай? Шығып келіп отырсаңызшы, дейді. Мен айтам, өздерің зорға күндеріңді көріп отырсыңдар, оның квартирасы тар. Қаяғына сиясың. Оларға қарасып тұрам, осы жерде артылғаны болса апарып. Биыл солардың үлкен қызы - немеремді медколледжге түсірдім. Енді ақшасын төлеп тұрам.

Шымкенттегі қарттар мен мүгедектер үйінде 240 қария бар. Олардың ешбірі де «қартайған шағымызда осы жерді паналаймыз-ау» деп ойламаған болар сірә. Барлығы да әлеуметтік басқармалар арқылы келген мұнда. Бірі - жалғыздықтан жапа шегіп осылай қарай аяңдаса, кейбірі - отанынан опа таппай келгендер.

Махсұтхан Дүйсебеков, ОҚО Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры:

Ақысын төлейік үш-төрт айлап, бір жаққа кетіп бара жатыр едік, шыдатып беріңіздер деген адамдар да бар, қарияларды. Тіпті оның пәтеріне қызығып та өткізем деп жүрген туған туыстары бар. Ондай да кездесті. Біз қабылдамап едік, әлеуметтік мекеме арқылы қабылдаймыз деп, біздерді сотқа тартты. Сотқа барып жауап беріп те жүрдік. Сондағы мақсат - түрлі сектаға кіріп кеткен. Шешесін, қартайған ата-анасын бізге тапсырып, квартираны алмақшы.

Оралдық Ғайса Дүйсенбиев жас кезінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған. Қартайғанда жары бақилық болғасын, балаларына салмақ салғысы келмей осында өз аяғымен келді. Сөйтіп 237 қамкөңіл қарттың қатарын толтырды.

Ғайса Дүйсенбиев:

Жолдасым қайтты, жолдасым болса, мен осында келіп жүрем бе? Екі қыз, екі ұл бар. Екі балам осында тұрады.

Амангелді Баянов, Жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған Орал медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры:

Осыдан 4 жыл бұрын қазақтар 48 пайыздан аспайтын, қазір 52 пайызға кетіп бара жатыр. Бұл - тағдыр ғой.

Әттеген айы сол, күні бүгін жеті мыңдай қария қарттар үйінде тұрып жатыр.Тіпті мемлекеттік мекемені паналаушылардың орнын жаңалайтындар азаймаса кемімей отыр. Бұл, ащы да болса, шындық. Орталық өкілдері, тірісінде қажет қылмаған ата-анасын ұрпақтары өмірден озғасын ғана алып кетіп жатады, - деді. Арасында зейнетақысын олжа көретіндері жоқ емес екен. Ал көп жағдайда бір уыс топырақ салуға бауыр еті балаларының жарамайтыны өзекті өртейді, дейді қарттар үйінің қызметкерлері.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ