$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Өскеменнің балалар үйінің оқытушысы «Х фактор» бағдарламасының финалына өтті

AstanaTV
24.09.2014ж. 20:00
1742
Өскеменнің балалар үйінің оқытушысы «Х фактор» бағдарламасының финалына өтті

Келесі сюжетіміздің кейіпкері - Өскемендегі «Үміт» балалар үйіндегі музыка пәнінің мұғалімі Евгений Выболов. Бүгінде қала халқы «Х фактор» бағдарламасының финалына өтіп, озық шыққан Евгений үшін дауыс беруде. Талантымен танылған жігіттің табандылығына жерлестері тәнті болған. Еңбек жолын енді ғана бастаған азаматтың өнері балалар үйіндегі қамкөңіл сәбилерге үлгі. Өйткені, Евгенийдің өзі сол үйде 9 жасынан бері тәлім алған.

Біз қатысқан ән сабағы өзге пәндерден ерекше. Евгений шәкірті Влад Лоскутовқа көрген-түйгенін үйретіп жатыр. Влад Италиядағы таланттар байқауында алғаш рет өнер көрсетпек. Ұстаз бен шәкірт джазды таңдаған. Влад үшін бұл жанр бейтаныс болғанымен, оқытушысының арқасында біраз жетістікке қол жеткізген. Енді Евгенийге жүктелген жауапкершілік еселене түскендей. Өйткені, бала күнінен бері өзіне еліктеген өрендердің алдында ол қашан да биіктен көрінуі керек.

Владислав Лоскутов, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Маған оның сабақ бергені ұнайды. Әр сабақ сайын жаңа әдіс-тәсілдермен танысамыз. Ешқашан жалықтырған емес.

Евгений он жасынан бері әнге әуес. «Үміт сұлтаны» байқауына қатысып, көңіліне қанат біткен. Айтуынша, осы сыннан кейін өмірін музыкасыз елестеткен емес. Кейін кәсіби мамандардан дәріс алды. Өнер жолы - қиын жол. Сондықтан, сүрінсе де, сағы сынбаған жігіт ерінбей-жалықпай шеберлігін шыңдай түсті. Ол ұстаздарының ата-анасындай қамқор болғанын айтып мақтанады.

Евгений Выболов, «Үміт» балалар үйінің оқытушысы:

Олар мені ерінбестен үйретумен болды. Жігерімді жанып, алға қойған мақсатыма жетелеп, жөн сілтеді. Мен оларды осындай табандылығы үшін құрметтеймін.

Университетті тәмамдағасын қайда барарын ойлап бас қатырмаған жас түлек, бір кезде өзін тәрбиелеген балалар үйіне аттанды. Қазір ол осындағы тәрбиеленушілерге музыка үйретеді. Жуырда Алматыдан келген әріптестерінің алдында алғаш рет ашық сабақ өткізді.

Гүлжан Салықбаева, «Үміт» балалар үйі директорының орынбасары:

Мен оны сабақ бойы сырттай бақылап, оның әрбір ісіне сүйсінумен болдым. Женя өткізген сабақ ойдағыдай болды. Өз міндетін мүлтіксіз атқарар мұндай маманның қалыптасуына біздің де еңбегіміз бар екені еске түскенде бір қуанып қалдым.

Евгений бос уақытында «Х фактор»-дың ақырғы сынына дайындалады. «Таң шолпан», «Әнші болғым келеді», қала берді, «Little Stars» халықаралық фестиваліне қатысып, тәжірибе жинаса да, бұл сын бәрінен маңызды.

Жуырда Евгений пәтерлі болды. Алдағы сыннан өткесін, қоныс тойын жасауды жоспарлап отыр. Музыкаға махаббатпен қарау керектігін өмірлік ұстанымына айналдырған ол шәкірттерінің де санасына осы қағиданы сіңіруде.

Евгений Выболов, «Үміт» балалар үйінің оқытушысы:

Адамның көңіл-күйі қашан да көтеріңкі болуы керек. Сондықтан, өмірдің әрбір сәтінен ләззат алған дұрыс деп ойлаймын. Өмір жолы түрлі кедергілерге толы, сондықтан, нақты іспен айналысуға тырысқан дұрыс.

«Х-фактор»-дың финалы алдағы қазан айында өтеді. Ал Евгений осы сында бағын сынайтын алғашқы алтылықтың қатарына ілігудің өзі жеңіс деп санайды. Ол қызықты ісіңмен айналысып, айналаңда сенімді адамдарың бар кезде жеңіс әрдайым қолда деп біледі.

Еркін ҚАРИН