Қызылжарда туберкулезге шалдыққан
80-нен астам адамды емдеу мүмкін болмай отыр. Себебі,
олардың дені - төлқұжатсыз жүрген азаматтар. Науқастардың арасында аталған
дерттің ашық түріне шалдыққандары да бар. Тіпті, тұрғылықты
жерлері болмағандықтан, оларды іздеп-табу да қиынға соғып отыр деп, өңір
дәрігерлері дабыл қақты. Тақырыпты тілшіміз Абзал Құрманкин сабақтайды.
Александр Баглаевтың ауруханада жатқанына 5 ай болды. Өкпе
дертіне 15 жасында шалдыққан ол, 4-ші рет ем алуда. Науқастың төлқұжаты жоқ,
айтуынша көшіп-қонып жүрген кезде жоғалтып алған. 10 жылдан бері құжатсыз жүрсе
де ақ халаттылардың қарауына өзі келгенін айтады.
Александр Баглаев:
Денсаулығымның сыр бере бастағанын байқап, осында келдім. Құрылыста жүргенімде ауырып қалдым. Өз үйім болмағасын,
жаңа төлқұжат ала алмай жүрмін. Салдарынан, дәрігерлердің жоспарлы тексерістерінен де құр қалып
отырмын.
Дегенмен, Александр сияқты емді
өздігінен іздеп келетіндер өте аз, дейді дәрігерлер. Тіпті диспансерде ем алып жатып, қашып кететін науқастар да
бар. Ал оларды тауып алу - қиынның қиыны. Себебі, не құжаттары, не тұрғылықты
мекен жайы жоқ.
Абай Оспанов, СҚО Туберкулез диспансері хирургия
меңгерушісі:
Емделіп, ауруханадан шыққаннан кейін ар жағында ем алмағандарға қиын. Өйткені, құжатсыз, тұрақты тұратын орындары жоқ. Сондықтан, оларды іздеп-табу, дәрілерін беру деген, сондай қиындықтар бар. Сондай-ақ, егерде мүгедектік жағдайға келсе, ол мүгедектікті беру де құжатсыз берілмейді.
Науқастарды іздеп-табуда тәртіп
сақшылары қол ұшын созады. Жыл басынан бері
арнайы ұйымдастырылған рейд шараларының нәтижесінде 50 шақты науқас анықталып,
ерікті түрде дәрігерлерге жүгінген. Ал емнен бас тартатын азаматтарға тәртіп
сақшылары бөлек шара ойластырды.
Асан Смағұлов, Петропавл қаласы Ішкі істер бөлімі
басшысының орынбасары:
Сот шешімімен, 16 адам мәжбүрлі түрде ем алуға жіберілді. Біз бұл тізімге енген 10 адамды құрықтадық. Емделуге құлық
танытпайтындар үшін арнайы аурухана бар. Қаладан шалғай орналасқан. Ұсталған 10
кісі сонда жіберілді. Жалпы, диспансер мен сот өкілдері берген тізімдегі
адамдар көп ұзамай біздің қолымызға түседі. Таба алмаған жағдайлар әлі кездескен
жоқ.
Денсаулықтарын нығайтуға ниет
білдірмей жүргендердің қатарында туберкулездің ашық түріне шалдыққан азаматтар
да бар. Демек, олар
індетті таратушылар. Дәрігерлер осыған алаңдайды. Алайда, бұқараны сабыр
сақтауға шақырады. Себебі, дертті жұқтырып алу үшін науқаспен бірнеше сағат
бойы бетпе-бет сөйлесу керек. Демек, көшеде, қоғамдық көлікте, жалпы адамдар
көп шоғырланған жерде туберкулез вирусына тап болу мүмкін емес.
Абзал ҚҰРМАНКИН