$520.93 €609.07 ₽6.68
×

АҚШ Сирия үкіметінің әскерилерін бомбаламайды

AstanaTV
25.09.2014ж. 10:00
1369
АҚШ Сирия үкіметінің әскерилерін бомбаламайды

Вашингтон Сирияның мемлекеттік әскеріне қарсы әуеден шабуыл жасамауға уәде берді. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Сирия сыртқы істер министрі Джавад Зарифтің кездесуінен кейін белгілі болды.

Америка лаңкестерге қарсы әуе шабуылын жасайтыны туралы Сирия билігін ескерткенбіз деп отыр. Алайда сарапшылар АҚШ-тың Сирия жерін бомбының астына алуына құқы болған жоқ, дейді. Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Бассам Абу Абдулла Вашингтон лаңкестермен күрескісі келсе, ол Мәскеу, Тегеран және Бейжіңмен әріптестік орнатар еді, дегенді айтады.

Бассам Абу Абдулла, Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:

Бір жағынан АҚШ «Ислам мемлекетіне» қарсы соғыс жүргізіп жатыр. Екінші жағынан олар оппозициямен әріптестік орнатқан. Бірақ олар сол «Ислам мемлекетінің» сарбаздары немесе оларға бағынатын топтар. Олардың көзқарастары бір. Оппозиция да ислам содырлары сияқты адамдарды өлтіріп жатыр. Егер Америка шынымен терроризммен күрессе, олар неге Сириямен келіссөз жүргізбейді? Неге Иран, Ресей және Қытаймен ынтымақтастық орнатпайды? Олар бір жақты әрекет етеді. Яғни, өздеріне қалай тиімді, солай қыймылдайды.

Айта өтейік, АҚШ әскери-әуе күштері Сирия аумағындағы «Ислам мемлекеті» радикалды тобын шабуылдап жатыр. Әсіресе, Дейр-эз-Зор қаласындағы исламшылардың нысандарын көздеді. Алғашқы күннің өзінде террористік топтың 30-ға жуық өкілі қаза тапты деген ақпарат бар. Өкінішке орай, әуе шабуылынан ажал құшқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар. Бұл операцияға АҚШ өз одақтастарын тартты деген болжам да айтылуда. Бірақ, нақты қай мемлекеттің қатысқаны белгісіз. Ал Associated Press агенттігі Сириядағы «Ислам мемлекеті» ұйымын бомбалау операциясына араб елдері қатысқан деген дерек келтірді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ