$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауылында 5 отбасының су астында қалу қаупі бар

AstanaTV
25.09.2014ж. 20:00
1495
Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауылында 5 отбасының су астында қалу қаупі бар

Зырян қаласының тұрғындарынан маза қашты. Бірнеше азамат жергілікті биліктен өздерін қауіпсіз жерге көшірулерін талап етуде. Олардың үйлері суға толы ескі кен орны маңында орналасқан.

Қала әкімдігі бұған дейін қауіпті аймақтан 60-тан астам отбасыны көшірген. Өзге 10 шақты үйге еш қауіп жоқ деп шешті. Алайда бұл шешіммен тұрғындар келіспейді. Әбден сыз тартқан үйлер алдағы қысқа шыдамайды, деп отыр. Олар еден астындағы көлкіген суды, үйдің сөгілген іргетасы мен қабырғаларын, су басқан жертөле мен бақшаларын шенділерге тағы бір көрсетті.

Николай Клюев, Зырян қаласының тұрғыны:

Үйдің қабырғасы суды әбден сіңіріп болып, сылақтары құлап жатыр. Еден астындағы бөрене дымқылданып құлады, кез келген сәтте үй қирауы мүмкін, деген қорқыныштан ұйқыдан айырылдық.

Зыряндағы жеке сектор орналасқан шағын аудан үш жыл бұрын апатты аймақ деп танылған. Алайда, сарапшылар қорытындысы бойынша тек үйлері тұруға жарамсыздар ғана көшірілді. Қалған үйлер дұрыс күтім көрмегендіктен, осындай күйге түскен, дейді коммуналдық шаруашылық өкілдері. Тәуелсіз сарапшылардың шешімінде де "үйлер судан зардап шекті" деген сөз жоқ. Қазір республика қазынасынан 1 миллиард теңге бөлініп, суды қайтару мақсатында канал салуға мүмкіндік туды. Бірақ, апатты үйдің тұрғындарына бұл медеу болмай тұр. Олар өз құқықтарын сотта қорғауға бекінген. Яғни, өтемақы немесе басқа үй талап етпекші.

Лариса Гречушникова, Зырян қаласының әкімі:

Көп жағдайда тұрғындардың өздері үйлерін күтпейді. Біз аралап шыққан үйлер 30-шы және 50-ші жылдары салынған. Оларға Зырянды су басудан қорғауға арналған бағдарлама бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына кезекке тұру ұсынылды. Тұрғындардың басым көпшілігі көшірілді.

Мөлдір ДҮЙСЕКИНА