Электр энергиясының бағасын бекітуге
тәуелсіз сарапшылар қатысады. Монополисттер
қоғамдық тыңдаулар өткізіп, депутаттардан бастап қарапайым тұрғындар алдында
есеп береді. Мұндай тәртіп енді заңмен бекітілмек.
Мәжілісте салаға жауапты Ұлттық
экономика министрлігі тиісті заң жобасын таныстырды. Тарифтің өсетіні туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары
жүргізілетіні белгілі. Бұл жолы жария тыңдауға сарапшыларды тарту қарастырылып
отыр. Бұдан бөлек, монополисттер өз қызметі туралы бар
мәліметті интернетке жариялауы тиіс. Осылайша, ашықтық
арқылы тарифтердің негізсіз қымбаттауына тосқауыл қоямыз дейді, - министрлік.
Заң жобасы тұтынушыларды электр қуатын
үнемдеуге үйрету жолдарын да қарастырған. Депутаттар
энергия өндіретін негізгі отын көмірдің үстінде отырсақ та, қуаттың тым қымбатқа
түсетінін айтады. Өндіруші мен тұтынушы арасын жіті қадағалау қажеттігін де
алға тартты.
Серікжан Қанаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр
Отан» фракциясының мүшесі:
Тасымалдаушы, өндіруші станцияларды жаңғыртуға, ақша құямыз, бәрін қатырамыз
деп бізге 20 жыл ертегі айтып келді. Өндірушіден 5 теңгеге шығатын электр
энергиясы тұтынушыға 15 теңгеге жететін жағдайға нүкте қоятын кез жетті.
Мөлдір ДҮЙСЕКИНА