Келесі жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. Бұл туралы «Нұр
Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі ұйымдастырған жиында Мәдениет
және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.
Жалпы кеңес отырысында өңірлердегі
мәдениет ошақтарының жай-күйі және мәдени саясатты жүзеге асыру мәселесі сөз
болды. Отырыста мәлімделгендей, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму
министрлігі бүгінде еңбекақы төлеудің жаңа моделін әзірлеген. Оның ішінде қызметкердің тәжірибесіне, еңбек өтіліне
байланысты қосымша бөліктер енгізіліпті. «Аталған факторлар
ескеріле келе, жұмысшының нақты жалақысы белгіленетін болады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Арыстанбек
Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт
министрі:
Айлықтың жаңа түрінде бірнеше көптеген өзгерістер бар. Оның біріншісі әрине, әр азаматтың сіңірген еңбегіне қарай.
Стажына қарай, қаншалықты тиімділігіне қарай. Ол өте дұрыс. Неге десеңіздер,
бір қалыпты айлық ғана емес. Адам өз еңбегіне қарай алады. Егер осы шараларды
іске асырсақ, әрине, біздің театр қауымдастығының айлықтары, немесе сол театрда
істеп жатқан, техникалық жағынан істеп жатқан азаматтардың айлығы мүлдем
басқаша болады.
Жұрағат БАМАН