«Алжир» мұражай-мемориалдық кешенінде
саяси қуғын-сүргінге ұшыраған латвиялық тұтқын әйелдерге арналған ескерткіш
ашылды. Шараға Рига қаласының мэрі Нил Ушаков, Латвияның Қазақстандағы елшісі
Юрис Маклаковс пен Латвиядан келген 100-ге тарта делегация өкілдері қатысты.
Жиналғандар ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойып, сталиндік репрессия
құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Нил Ушаков, Рига қаласының мэрі (Латвия):
Латвияда саяси қуғыннан 10 мыңдай адам жапа шеккен. Оның ішінде бала да, ана да, қарт та бар. 2 млн халқы бар
ел үшін бұл -
ауыр қасірет болды. Сондықтан, латвиялықтар үшін басқа елдерде мұндай
ескерткіштердің ашылуы маңызды. Қазақ еліне ризамыз.
Алжирде Кеңес одағынан 18 мың әйел
халық жауларының зайыбы ретінде жазаларын өтеген. Барлығы 62 ұлттың өкілдері осында отырған. Оның ішінде латыш
ұлтынан 102 әйел болды деген дерек бар. Олардың көбі лагерьдегі қиындықтарға шыдамай қаза тапқан.
Жазасын өтегендердің дені - мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері.
Тоталитаризм құрбандарының қатарында - Бейімбет Майлиннің жары, әнші Лидия
Русланова сынды әйелдер болды. Осыған дейін Алжир мұражайының маңында 9 ұлттың
әйелдеріне арналған ескерткіш белгі орнатылған.
Юрис Маклаковс, Латвияның Қазақстандағы елшісі:
Біз Қазақстанның 3 қаласында осындай ескерткіш белгілер орнатудың арнайы
бағдарламасын әзірлеп қойдық. Бұған дейін
Қарағанды облысындағы Спасск қаласында ашылған. Бүгін міне, «Алжир» мұражайының аумағына орнатылды. Жезқазған қаласына да
осындай белгі қою жоспарда бар.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ