$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Жол ережесіне енген өзгерісті құқық қорғаушылар сыбайластыққа жол ашатын шара деп отыр

AstanaTV
25.09.2014ж. 20:00
1751
Жол ережесіне енген өзгерісті құқық қорғаушылар сыбайластыққа жол ашатын шара деп отыр

Алдағы айдан бастап жол жүру ережелеріне бірқатар өзгерістер енеді. Жаңа талаптар жолдағы жылдамдық, жүргізуші мен жол инспекторы арасындағы қарым-қатынас пен сенімхат беруге қатысты болып отыр. Алайда, кейбір қоғамдық ұйым өкілдері бұл заңның шикілігін айтуда. Олар заң жобасы қоғамның талқылауынсыз депутаттардың мақұлдауынан өтіп кетті, дейді.

Енді бір айдан кейін қолданысқа енетін өзгерістердің ішінде сенімхатты тіркеу ерекше назар аудартады. Бұрын бұл құжатқа он күн ішінде Жол полициясына барып, мөр бастыруға болатын еді. Енді сенімхатты Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен электронды үкіметтің сайты арқылы тіркей аласыз.

Бұған дейінгі жол ережесінің нормаларына сәйкес трассада жылдамдықты арттыру сағатына 130 шақырымға дейін рұқсат етілетін. Жаңа заңға сәйкес ортасында жолағы жоқ күре жолдарда жылдамдық сағатына 100 шақырымнан асса, заңбұзушылық болып есептеледі. Бұл алыс сапарға шыққандардың қауіпсіздігі үшін істеліп отыр, дейді заң авторлары.

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Біз негізінен, қалалық және трассаларда қойылған бейнебақылау камераларының тиімділігін атап айтқымыз келеді. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп жазылған «Жол жүру ережесі» туралы заңдағы өзгертулер жолдағы заңбұзушылықтарды қысқартады деп есептейміз. Сондықтан, заң талаптарын орындауға барлық жүргізушілерді шақырамыз.

Ішкі істер министрі бұған дейін жүргізуші мен инспекторлар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін заң нормаларына өзгерістер енгізуді ұсынған болатын. Соның бірі - полиция қызметкері жүргізушіні тоқтатқан соң, одан көліктен шықпауды талап етеді. Оны орындамаған көлік иесіне 9260 теңге айыппұл салынады.

Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз жүргізушілер одағының төрағасы:

Осындай шектеулер арқылы ішкі істер органдары жол жүру ережесіне бір жақты қарайды. Яғни, полицияның жұмысын жеңілдету үшін деп түсіндіреді. Жүргізуші көліктен шықса да, кейде шықпаса да жазықты болып жатады. Ол үшін айыппұл салу енгізіліп отыр.

Бұл мәселеге орай жүргізушілердің де өз пікірлері бар.

Неше түрлі адамдар болады. Біреуінде мүмкін қару болады. Ата салуы мүмкін.

По нужде түсу керек болады, көлік тоқтаған соң түсуге тура келеді. Инспектор келгенше отыра беру мүмкін емес кой.

«Жол жүру ережесі» туралы заңның 17-бабына қаладағы көлік нөпірін азайтудың талаптары енгізіліпті. Шаһардың кейбір аудандарына көліктердің кіруі шектелмек. Ондай жерлерге «ақылы жол» жобасы бойынша салынып жатқан көшелер енуі мүмкін. Тәуелсіз жүргізушілер одағының төрағасы оның механизмдері әлі реттелмеген. Сондықтан, бұл мәселеге орай қосымша қаулы қабылданатын шығар деген пікірде.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ