$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Байқоңыр»-дан ұшырылған «Союз ТМА-14М» ғарыш кемесі Ғарыш стансасына тіркелді

AstanaTV
26.09.2014ж. 13:00
1087
«Байқоңыр»-дан ұшырылған «Союз ТМА-14М» ғарыш кемесі Ғарыш стансасына тіркелді

Бүгін түнде «Байқоңыр»-дан ұшырылған «Союз ТМА-14М» ғарыш кемесі, күн батареясы панелінің ашылмай қалғанына қарамастан, Халықаралық ғарыш стансасына сәтті тіркелді.

«Интерфакс» хабарлағандай, ғарыш кемесі штатты жағдайда тіркелді, алайда орбитаға шыққаннан кейін кемеде орнатылған күн батареяларының бірі істен шықты. Дегенмен, бұл жайт «Союз»-дың сапарына кедергі келтірмепті.

Ғарыш кемесінің бортында бұл жолы әйел де бар. Одан бөлек, ресейлік ғарышкер мен америкалық астронавт ғарышқа жол тартты. Ғарыш кемесі түнгі сағат 02:25 минутта ұшырылып, орбитаға сәтті жетті. Ресейлік ұшуды басқару орталығы «космонавттар өздерін жақсы сезінуде», - деген хабар таратты. Олар жарты жыл бойы ашық ғарышқа шығумен қатар, үлкен ғылыми бағдарламаны орындайды.

Айта өтейік, жақын күндері «Байқоңыр»-дан Протон-М зымыран тасығышы да ұшырылмақ. Қазір ол ұшу алаңына жеткізілген деп сенімді ақпарат көздері хабарлаған еді. Бұл Протонның биылғы жылдың мамыр айындағы сәтсіз ұшырылымнан кейінгі алғашқы әрекет. Ол кезде ресейлік зымыран тасығыш әуеде апатқа ұшыраған-ды.

Илхам ИБРАГИМ