Қазақ жазушыларының шығармалары өзге
тілдерге сауатты аударылмайды. Сол себепті біздің әдебиетшілеріміз шет
мемлекеттерде аса танымал емес. Алматыда әлемдік жазушылардың Пен-клубына мүше
қаламгерлермен кездесуде осындай ой айтылды.
Қазіргі заманғы әдебиеттің
проблемаларын көтеретін халықаралық ұйымға біздің елден де публицист жазушылар
мен ақындар кіреді. Олар Канада, Жапония және
АҚШ-тан келген қаламгерлермен пікір алмасып, шығармашылықтарындағы жаңалықпен
бөлісті. Шетелдік меймандардың айтуынша, әлемдік деңгейде Абай, Мұхтар Әуезов
пен Олжас Сүлейменов қана мойындалған.
Ал, жаңа заманның жазушылары мен
ақындарын халықаралық деңгейге көтеру үшін ағылшын тіліне сапалы аудару жүйесін
қалыптастырған жөн. Клуб мүшелері бұл жобаға баса назар аударылатынын мәлімдеді.
Бигелді Ғабдуллин, Қазақ Пен-клубының президенті:
Біз бұл жобаны қолға алғанбыз. Қазақ әдебиетіндегі классиктерді ағылшын
тіліне тәржімалап, оның ағылшын тілді елдерге
тарату қажет-ақ. Біз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің екі ірі романын аудардық. Алдағы
уақытта Әбіш Кекілбаев, Смағұл Елубай мен ұлы ақын - Мұқағалидың шығармаларын
ағылшын тілінде сөйлетуді жоспарлап отырмыз. Шындығында, ағылшын тілі арқылы әлемдік әдебиетте өз
орныңды алуға болады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ